Грузияның туризмнен түскен табысы алты айда 1,93 млрд долларға жетті

АСТАНА. KAZINFORM — 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында Грузияның халықаралық туризмнен түскен табысы 1 млрд 931 млн АҚШ долларын құрады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің өңірдегі меншікті тілшісі Business Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Business Media

Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2%-ға аз.

Грузия Ұлттық банкінің мәліметінше, көрсеткіштің төмендеуіне негізінен екінші тоқсандағы нәтижелер әсер еткен. Сәуір-маусым айларында халықаралық туризмнен түскен табыс 1 млрд 101 млн долларды құрап, 2025 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға қысқарған.

Бірінші жартыжылдықта Грузияға ең көп туристік табыс әкелген ел — Ресей болды. Ресейден келген туристер ел экономикасына 307,1 млн доллар кіріс түсірген. Одан кейін Түркия — 255 млн доллар және Израиль — 222,7 млн доллар көрсеткішімен тұр.

Туризмнен түскен табыс көлемі бойынша Әзербайжан төртінші орынға жайғасты. Қаңтар-маусым аралығында бұл елдің туристері Грузия экономикасына 107,6 млн доллар әкелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 5%-ға көп.

Алғашқы бестікке Украина да енді. Украинадан келген туристердің шығыны 99 млн долларды құрап, өткен жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 42%-ға артқан.

Сонымен қатар Еуропалық одақ елдерінен келген туристердің арқасында түскен табыс айтарлықтай өсті. 2026 жылдың алғашқы алты айында бұл көрсеткіш 335,6 млн долларға жетіп, бір жылда 58,6 млн долларға немесе 21%-ға артты.

Сонымен бірге Грузияға жасалған халықаралық сапарлар саны азайған. Бірінші жартыжылдықта елге 2 млн 734 мың 504 халықаралық келу тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,7%-ға төмен. Ең үлкен төмендеу Ираннан келген келушілер арасында байқалып, олардың саны шамамен 49%-ға қысқарды.

Бұған дейін 14 шілдеден бастап қазақстандық Fly Arystan әуе компаниясы Атырау мен Батуми арасында жаңа тұрақты әуе рейсін іске қосатыны хабарланды.