The Telegraph басылымының жазуынша, көптен күткен Grand Theft Auto VI ойыны 19 қарашада жарыққа шыққан күні мектептердегі сабаққа қатысу көрсеткіші айтарлықтай төмендеген. Дүйсенбіден сәрсенбіге дейін оқушылардың орта есеппен 91,3 пайызы сабаққа қатысса, бейсенбіде бұл көрсеткіш 88,8 пайызға дейін түскен.
Мектептер сабақтан жаппай қалу ықтималдығын алдын ала болжап, жағдайдың алдын алуға тырысқан. Ата-аналарға балалардың сабаққа қатысуын қамтамасыз ету қажеттігі туралы ескерту хабарламалары жіберілген. Кейбір оқу орындары сабаққа келген оқушылар арасында арнайы ваучерлер ойнатуға да уәде берген.
Бирмингемдегі мектептердің бірінде тіпті сабаққа келмеген оқушыларды шағын автобуспен үйлерінен алып, мектепке жеткізу мүмкіндігі қарастырылған.
Алайда бұл шаралар сабақтан жаппай қалудың алдын ала алмады. Англиядағы 1 415 орта мектеп пайдаланатын Arbor жүйесінің статистикасына сәйкес, бейсенбі күні сабаққа келмеген оқушылар саны айтарлықтай өскен. Бұл ретте нақты көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін, өйткені аталған жүйе елдегі орта мектептердің жартысынан азын қамтиды.
Ойынның шығуына әсіресе ұл балалар белсенді реакция танытқан. Барлық жас санатында сабаққа келмеген ұлдардың саны қыздарға қарағанда көбірек өскен. Бұл ретте GTA VI ойынына 18 жас санаты берілген және ол тек ересектерге арналған.
Grand Theft Auto VI – әлемдегі ең танымал ойын франшизаларының бірі саналатын серияның жаңа бөлімі. Оны Rockstar Games студиясы әзірлеген. Сарапшылар алғашқы сатылым көлемі бойынша жаңа ойын серияның алдыңғы бөлігінің көрсеткішінен екі еседен астам асып түседі деп болжайды.
Бұған дейін GTA 6 ойыны АҚШ экономикасына 1 млрд доллар шығын келтіруі мүмкін екені туралы жаздық.