АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Гүлдана Бекеш (59 келі) Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында әйелдер күресінен қола жүлдеге таласады.
Ол жұбаныш белдесуінде өзбекстандық Сарбиназ Жиенбаевадан басым түсті. Енді кешкі сессияда Гүлдана Қытай спортшысымен шеберлік байқасады.
Сондай-ақ бүгін Светлана Анкичева (50 келі) 3-орын үшін сайысқа түседі.
Ақтық айқастар Астана уақытымен сағат 20:00-де басталады. Елімізде Азия чемпионатын Qazsport және Sport телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Былтыр Бішкекте өткен құрлықтық додада еліміздің әйелдер құрамасы 4 қола алды. Олардың қатарында Лаура Алмағанбетова, Диана Каюмова, Анастасия Панасович, Эльмира Сыздықова бар.
Еске салсақ, 2025 жылғы Азия чемпионатында грек-рим күресінің шеберлері екі күміс, екі қола медаль алып қайтты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.