«Гүлденген социализм» тұсында да мұндай қамқорлық болмаған – Президент оқушыларды ыстық тамақпен қамту туралы

АСТАНА. KAZINFORM – Елімізде аз қамтылған немесе ауқатты отбасыдан шыққанына қарамастан, 1-4 сынып оқушыларының барлығына ыстық тамақ беріледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мектеп мәзірінен фастфуд, газдалған сусын және өзге де зиянды тағамдардың алынып тасталғанын атап өтті.

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

– Ыстық тамақ талаптар мен нормаға сай, таңғы және түскі ас бала күні бойы алуға тиіс құнардың 40 пайызын өтеуі керек. Мұндайды қай елден көрдіңіздер? Сондай-ақ шұжық, фастфуд, газдалған сусын секілді зиянды тағам түрлерін мәзірден толығымен алып тастадық, қант пен тұз мөлшерін азайттық. «Гүлденген социализмнің» тұсында да мұндай қамқорлық болмаған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Президент саябағында өткен «Таза Қазақстан» экологиялық акциясында.

Сонымен бірге, Парламенттің бұрынғы құрамы заңнамаға есту қабілеті бұзылған балаларға арнайы құрылғыны ақысыз беру туралы өзгерістер енгізу қажет деп ұйғарды.

– Мұндай аппараттар шетелде шығарылады. Сондықтан Үкімет тез арада отандық өндірісті жолға қоюы керек. Жалпы, Үкімет Құрылтаймен және қоғамның белсенді өкілдерімен бірлесіп, әлеуметтік көмектер мен жеңілдіктердің мақсатқа сай берілуін қамтамасыз етуі қажет. Бір сөзбен айтқанда, мемлекет шын мәнінде мұқтаж жандарға көмек қолын созуға міндетті. Сонда ғана әділдік салтанат құрады. Бұл жұмыстан осы аттас партия да тыс қалмайды деп сенемін, – деп тапсырма берді Мемлекет басшысы.

Бұған дейін Қ. Тоқаев Қазақстанда жас анаға көрсетілетін қолдау әлемнің дамыған елдерінде жоқ екенін айтқан еді.

Оның айтуынша, Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен ешқашан бас тартпайды. Өйткені бұл міндет Конституциямызда анық әрі тура жазылған.