«GULDER» ансамблі Малайзиядағы халықаралық фестивальде өнер көрсетті

Фото: Ансамбльдің әлеуметтік желідегі парақшасынан

АСТАНА. KAZINFORM — Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» мемлекеттік академиялық концерттік ұйымының «GULDER» ансамблі Малайзияда өткен «ASEAN 2025» халықаралық музыкалық-мәдени фестивалінде өнер көрсетті. Бұл туралы Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ансамбль дәстүрлі және заманауи хореографиялық бағыттарды үйлестірген мазмұнды концерттік бағдарламасын ұсынды. Ұжым «Аққу», «Асатаяқ», «Қуаныш думан», «Қарлығаш», «Дайрабай», «Қараторғай», «Тоқымқағар», «Қорқыт» хореографиялық қойылымдарын, сондай-ақ Малайзия, Моңғолия және Қытай халықтарының биін орындады. Сахнада халықаралық байқаулардың лауреаттары мен «GULDER» ансамблінің жетекші әртістері өнер көрсетті.

Мәдени диалог пен халықаралық ынтымақтастықтың жарқын үлгісі болған концертті әлемнің әр түкпірінен келген 300-ден астам көрермен тамашалады.

Кейінгі үш жылда ансамбль Швеция, Франция, Германия, Латвия, Қытай және Түркия елдеріндегі беделді сахналарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр.

Айта кетейік, қазан айында Қызылорда театры халықаралық фестивальде топ жарды.