«Гүлдер» ансамблінің мерейтойлық концерті өтеді

АЛМАТЫ. Қарашаның 24-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Ертең, қарашаның 25-інде Республика сарайында Мемлекеттік «Гүлдер» ансамблінің  мерейтойлық концерті өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Биыл шығармашылық ұжым 40 жасқа толды. Концерттік бағдарлама  «Жыл мезгілдері» деп аталатын төрт бөлімнен дайындалып, мюзикл түрінде өткізілмек. Концертке «Гүлдер» ансамблі құрамында еңбек еткен  Қазақстан эстрада жұлдыздары - бұрынғы әншілер мен қазіргі жастар қатысады.

Роза Рымбаева, Қапаш Кұлышева, Қайрат Байбосынов, Сара Тыныштығұлова, Құдайберген Сұлтанбаев, Мақпал Жүнісова, Нағима Есқалиева, Майра Нүркенова, Болат Әбдиахметов, Жеңіс Ысқақова, Бақыт Шадаева, Бақтияр Тайлақбаев, Сембек Жұмағалиев, Гүлнар Сиқымбаева, Қанат пен Айткүл Құдайбергеновтер, Айжан Нұрмағамбетова, Жеңіс Сейдоллаұлы сынды көптеген өнер иелерінің шығармашылық жолы дәл осы ансамбльден басталған.

Қазақтың «Гүлдер» эстрадалық-жастар ансамблі 1969 жылы Қазақ КСР-ның халық әртісі Гүлжихан Ғалиеваның жетекшілігімен құрылған болатын. Қазір ансамбльді белгілі сазгер-әнші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жеңіс Сейдоллаұлы басқарады.