ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бүгінгі Жолдауында ел өміріндегі өзекті мәселелер қамтылды. Атап айтқанда, білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларының қызмет көрсету сапасын жақсарту, кәсіби білікті мамандармен қамтамасыз ету міндеттеріне назар аударылды. Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының бөлім басшысы, филология ғылымдарының кандидаты Гүлмира Әшірбекованың айтуынша, ендігі кезекте саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт келді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауы бұған дейінгі мемлекеттік бағдарламаларды одан әрі дамытуды көздейді. Осы уақытқа дейін жүзеге асырылған «Нұрлы жол», «Нұрлы жер», «Жол картасы-2020», «Рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» және т.б. мемлекеттік бағдарламалар аз уақыттың ішінде өз нәтижесін берді. Ендігі міндет - табысты елге айналу», - деді Г.Әшірбекова.
Сондай-ақ, ол мектепке дейінгі білім беру, орта білімнің сапасын жақсарту, ЖОО бітірушілерінің жұмысқа орналасуына байланысты көрсеткіштерді айқындау нақты нәтижеге жетуге мүмкіндік беретінін тілге тиек етті.
«Кәсіпкерлікті қолдау, аграрлық сектор мен жеңіл өнеркәсіпті жетілдіру мемлекеттің бәсекеге қабілетін арттырады. Елімізде жүзеге асырылып жатқан реформалар мен стратегиялық құжаттардың орындалу барысы мен нәтижесіне Ұлттық жаңғыру офисі мониторинг жасап отырады. Саннан сапаға, сөзден іске көшетін уақыт келді. Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік қызметкерден бастап әрбір азамат елдің дамуына сапалы қызмет көрсетсе, нағыз табысты мемлекетке айналарымыз сөзсіз», - деді ол.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.