«ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы дер кезінде өткізілгелі тұр деп ойлаймын. Біз әлем елдерімен қарым-қатынастамыз, оның ішінде парламентаралық байланыстар орнатылған. Атап айтқанда, ел халқы да, шет мемлекеттер де Қазақстанның алдағы даму жолына қатысты тиісті бір белгіні күтіп тұр. Бүгінде «Қазақстанда ары қарай не болады? Қандай жағдай қалыптасады? Қандай саясат жүргізіледі? Қазақстанмен қарым-қатынасты жалғастырудың бағыты қалай болады?» деген сауалдар бар екені белгілі», - деп тоқталды Г. Исимбаева.
Оның сөзіне қарағанда, елімізге инвестиция салып, бизнес жасап жатқандарды да осы сұрақтар мазалайтыны анық.
«Біз нақты заңнама жүзінде, ашық түрде Президент сайлауын күтіп отырмыз. Осыдан кейін барлық сауалдарға жауап беріледі. Сонда барлығы орнына түсіп, ешқандай басқа сұрақтар болмайды», - деді Мәжіліс төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық телеарналар арқылы Қазақстан халқына үндеу арнап, онда еліміздің Конституциясына сәйкес Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын 2019 жылдың 9 маусымында өткізу туралы шешім қабылдағанын жариялаған болатын.
«Қазақстан - демократиялық мемлекет. Президент халықтың таңдауымен сайланады. Мен, Мемлекет басшысы ретінде сайлаудың таза, ашық әрі әділ өтуіне кепілдік беремін! Бұл - менің берік ұстанымым! Алдымызда зор міндеттер тұр. Мен халқымызға, яғни Сіздерге сенемін», - деген еді Қ.Тоқаев.