Гүлмира Сатыбалдыға қатысты тағы бір қылмыстық іс тергеліп жатыр

Фото: Фото: khabar.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Ақпаратты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі растады. 

- Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі (Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Сатыбалды Ғ.Қ. және басқа да тұлғаларға қатысты «VOSTOCHKA» көпфункционалды тұрғын үй кешенін салу кезіндегі заңсыз әрекеттер фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаймыз, - делінген агенттік тілшісінің сауалына берген жауабында.

Қылмыстық-процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес, тергеу мүддесіне қатысты өзге де мәліметтер жарияланбайды.

Еске сала кетсек, 2024 жылдың тамызында сот кәсіпкер Қайрат Сатыбалдыұлының бұрынғы зайыбы Гүлмира Сатыбалдыны үш бап: бас бостандығынан заңсыз айыру, бопсалау және озбырлық бойынша кінәлі деп таныған болатын.

Ол мүлкі тәркіленіп, 12 жылға бас бостандығынан айырылды. Оның көмекшісі әрі жүргізушісі Мәди Батыршаев та заңсыз бас бостандығынан айыру үшін кінәлі деп танылып, 9 жылға сотталды.

2023 жылдың көктемінде Гүлмира Сатыбалды мен оның қарамағындағыларға тағы бір іс бойынша үкім шықты. Ол үш бап бойынша 7 жылға сотталды. Онымен бірге Мәди Батыршаев та 7 жылға бас бостандығынан айырылды.