Гүлмира Сатыбалдының денсаулығы нашарлауына байланысты сот отырысы кейінге қалды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда Гүлмира Сатыбалды мен оның көмекшісі Мәди Батыршаевтың ісі бойынша сот талқылауы кейінге қалды.
Сотталушылар мен олардың адвокаттары кезекті сот процесіне онлайн форматта қосылды. Гүлмира Сатыбалды судьядан денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге қалдыруды сұрады
«Біз сот отырысына онлайн қосылғанан кейін қорғаумыздағы адамның аллергиясы ұстап қалғанын білдік. Оған антигистаминдік препараттар енгізілді. Қазір оның бүйрегі қатты ауырып тұр. Қазір оған дәрігер таба алмай жатыр, өйткені ол еңбек демалысында екен. Сондықтан Гүлмира Сатыбалды сот отырысын кейінге қалдыруды сұрайды. Біз процесті созғымыз келмейді, алайда ол шынымен қатты ауырып қалды», - деді сотталушының адвокаты Әсемгүл Даниалова.
Судья Мартпек Кәкімжанов сотталушының денсаулығына байланысты сот отырысын кейінге қалдыруға мәжбүр болғанын айтты.
Осылайша, сот отырысы 27 тамызға шегерілді.
Бұған дейін прокурор соттағы жарыссөз кезінде Гүлмира Сатыбалдыны 13 жылға бас бостандығынын айыруды сұраған еді.