«Келтiрiлген залалдың сомасын анықтау әлi мүмкiн болған жоқ. Себебi ақша өзiне тән тәсiлмен жасалғаны соншалық, қазiр оны анықтауға ешкiмнiң де мұршасы келмей тұр. Бiрақ «Гүлнәр тур» бойынша жасалған санақ бойынша, шығын 11 млн. долларға бағаланды. Оның 8 млн. долларын компанияның өзi мойнына алды. Қалған сома - 3 млн. доллар. Ол да қазiр өтелiп жатыр. Олардың қаншасы төленбедi оны анықтау қиын. Мүмкiн қылмыстық iстiң қорытындысы жасалған тұста бiраз ашылатын шығар», - дейдi И.Рей.
Еске салайық, «Гүлнәр тур» туркомпаниясы айналасындағы дау-дамай 2014 жылдың жазында шықты. Компанияның салған материалдық шығыны миллиондаған теңгеге бағалануда. «Инвест Авиа» әуекомпаниясының өзi 147 млн. теңгеге шығынға батты. Турларды сатып алған 12 мың қазақстандық жапа шектi. 2014 жылы «Гүлнәр тур» компаниясының лицензиясы алынды, ал оның құрылтайшысы мен бас директоры халықаралық iздеуге жарияланды.