АСТАНА. ҚазАқпарат – Таиланд астанасы Бангкок қаласында өтіп жатқан бокстан 22 жасқа дейінгі жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Гүлсая Ержан финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Гүлсая Ержан жартылай финалда непалдық Триша Джебегумен жекпе-жекке шықты. Жекпе-жекте қазақстандық боксшының басымдығы байқалып тұрды. Нәтижесінде төрешілер шешімімен ол финалға жолдама алды.
Жартылай финалға барлығы тоғыз қазақстандық боксшы шыққан еді.
Олардың арасынан бұған дейін Жасмин Қизатова (70 келі) вьетнамдық Труонг Мин Тху Кюнхты жеңіп, финалға жолдама алды.
Ал, бүгін жартылай финалда Мөлдір Тойкова (50 келі), Әнел Сақыш (54 келі), Виктория Графеева (57 келі), Шахназ Исаева (60 келі), Назерке Серік (63 келі), Ақнар Ищанова (66 келі), Дана Дидай (75 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды. Нәтижесінде құрлықтық додада қола жүлдегер атанды.
Еске салсақ, бұдан бұрын Азия чемпионатында қазақстандық боксшылар ширек финал ойындарын өткізді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.