Аймақ басшысы депутаттармен еркін форматта пікірлесті. Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қажетті ұсыныстар мен нақты мәселелерді ортаға салды.
«Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтың дамуы мен қуаңшылық кезінде қабылдайтын шаралардың бағытын айқындап берді. Қиын кезеңнен мәселені бірлесіп шешу арқылы шығамыз. Сіздер бұл тұрғыда халықтың қажеттілігін билікке дер кезінде жеткізетін тұлға ретінде маңызды рөл атқарасыздар. Сол себепті де аймақ дамуына қажетті ұсыныстарыңызды тыңдау үшін осындай форматта кездесуді жөн санадым. Бірнеше күннен бері облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттың құрамымен жеке кездестім. Тамыз айынан бастап әр депутатпен кестеге сәйкес жаңа форматта жүздесетін боламын», - деді Г. Әбдіқалықова.
Депуттатар жүздесу барысында бірқатар маңызды мәселелерді көтерді. Атап айтсақ, экономика бағыты бойынша азық-түлік бағасын тұрақтандыру, әлеуметтік дүкендердің санын көбейту, елді мекендерді ауыз су, газбен қамтамасыз ету жайында ой қозғады. Сондай-ақ, тұрғындарға оның ішінде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қолдау көрсету сұрақтары көтерілсе, кәсіпкерлік бағыты бойынша бизнес иелеріне қолдау мақсатында коммуналдық мәселелерді шешуге көмек көрсету сөз болды. Мемлекеттік бағдарлама арқылы кәсіп ашамын деген азаматтарға түсіндірме жұмыстарын күшейту қажет екені айтылды.
Депутаттар тарапынан ауылдарды дамыту, тірек ауылдарды көбейту, мал шаруашылығымен айналысатын азаматтарды кешенді түрде қолдау және ауылдық жерлерге инфрақұрылымды жеткізу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ.
Ал, әлеуметтік сала бойынша мүгедектігі бар азаматтардың құқықтары мен бағдарламаларға қатысуы, бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мәселесін күшейту, көпбалалы аналарды кәсіпкерлікке тарту, қиын жағдайда қалған отбасындағы әйелдерді қоғамдық ортаға бейімдеу және писхологиялық көмек ұйымдастыру мәселесі талқыланды.
Кездесу барысында білім беру ұйымдарында құрылыс жұмыстарының уақытылы бітуі, дәстүрлі оқуға көшуге қажетті жағдайларды жасау, балабақшалар салу, мектептерді күрделі жөндеуден өткізу, инклюзивті білім беру мәселелері бойынша қажет деп танылған ұсыныстар ортаға салынды.
Депутаттармен ашық пікірлескен аймақ басшысы Гүлшара Әбдіқалықова елдегі мәселелердің шешілуіне олардың рөлі айрықша екеніне назар аударып, бірлесіп жұмыс атқару арқылы нәтиже болатынын қаперге салды. Сондай-ақ, халық атынан түскен мәселелерді саралап, шешілу тетігін кезең-кезеңімен іске асырылатынын тілге тиек етті.
Еске салсақ, Қызылорда облысында жол желісін дамыту жақсара түсті.