Гүлшара Әбдіқалықова ІІ Еуразиялық әйелдер форумына қатысты

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Әйелдер жаһандық қауіпсіздік пен орнықты дамуды қолдайды» атты Екінші Еуразиялық әйелдер форумына РФ Президенті В.Путин, халықаралық ұйым жетекшілері, сондай-ақ әлемнің 100 елінен 500-ден астам өкіл қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат Ақрорданың ресми сайтына сілтеме жасап.

ЖиындыРесей Федерациясы Федералдық Жиналысының Федерация Кеңесі мен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің Парламентаралық Ассамблеясы ұйымдастырды.

Қазақстан делегациясының құрамына Парламент депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, қоғамдық ұйым өкілдері кірді.

Гүлшара Әбдіқалықова құттықтау сөзінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Әлем. XXI ғасыр» манифесіндегі: «Өткен ғасырлардың қасіретті қателіктерін қайталауға жол бермей, әлемді соғыс қатерінен түпкілікті арылту үшін үкіметтердің, саясаткерлердің, ғалымдардың, бизнесмендердің, өнер қайраткерлерінің және бүкіл әлемдегі миллиондаған адамның күш-жігерін жұмылдыру қажет» деген сөзіне назар аударды.

Мемлекеттік хатшы тұрақты және әділетті қоғам құру үшін әйелдер экономика өмірінің барлық саласына толыққанды атсалысуы қажет екенін атап өтті.

- Бүгінде біздің еліміз Орталық Азия мен Ауғанстандағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөліп отыр. Біз Тәжікстан мен Қырғызстандағы қақтығыстарды жоюға атсалыстық, Иран мен Сирия жөніндегі келіссөздер үшін алаң ұсындық, - деді Мемлекеттік хатшы.

Форум аясында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «БҰҰ-әйелдер» ұйымының атқарушы директоры, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Фумзиле Мламбо-Нгкукамен және «Әйелдер жиырмалығының» (W20) негізін қалаушы әрі президенті Гюльден Тюрктанмен екіжақты кездесулер өткізді. Онда өзекті әлеуметтік-экономикалық және мәдени-гуманитарлық проблемалар, сондай-ақ бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайту мақсатымен әйелдердің мүмкіндігін одан әрі арттыру, халықаралық және өңірлік бастамалар көтерудегі рөлін күшейту мәселелері талқыланды.

 

Соңғы жаңалықтар