АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ақордада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің үздік тыңдаушыларымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Өздеріңізде білесіздер, биыл Астананың 20 жылдығы үлкен мереке болмақ. Сонымен қатар, Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің құрылғанына да 10 жыл толады. Елбасы осы Астанаға көшкен кезде мемлекеттік қызметкерлерге арналған академия болсын деп шешім қабылдаған еді. Академия құрылғаннан бері бүкіл республика бойынша мемлекеттік қызметшілеріміз біліктіліктерін шыңдап, қосымша білім алып, қазір облыстарда жұмыс істеп жатыр. Маған берілген мәлімет бойынша, сіздер қазір магистратураны бітіріп жатқан ең үздік мамансыздар. Оның ішінде ерекше айтарым, сіздер үш тілді қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгергенсіздер»,- деді кездесу барысында Мемлекеттік хатшы.
Гүлшара Әбдіқалықова Ұлт жоспары бойынша елімізде мемлекеттік басқару саласында үлкен реформалар жүргізіліп, бірінші кезекте заңдарға өзгерістер енгізілгенін атап өтті.
«Меритократияға негізделген мемлекеттік басқару құрылды деп айтуға болады. Бұл өзгерістердің таяуда жемісін көреміз деп ойлаймын. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің құзіреті белгіленіп, жаңа еңбекақы төлеу жүйесі қалыптастырылды. Ол бірнеше мемлекеттік органда бейімделуден өтіп жатыр. Ары қарай өзін-өзі жақсы ақтайтын болса, онда ол бүкіл республика бойынша енгізіледі», - деді ол.
Мемлекеттік хатшы қазіргі уақыт цифрландыру дәуірі болғандықтан талап күнде өзгеріп отыратындығына да айрықша назар аударды.
«Мемлекеттік қызметшілерге де талап өте жоғары. Соған байланысты өмір бойы білімді шыңдау деген мақсатпен мемлекеттік қызметшілер біздің академиямызда, ұлттық мектепте арнайы қосымша білім алады. Жалпы академияда стратегиялық жоспарлау, саясатқа баға беру, ұйымдастырушылық қабілет деген сияқты жаңа пәндер оқытылып жатыр. Мұның барлығы халықаралық тәжірибеден алынған», - деді Г.Әбдіқалықова.
Кездесу соңында Гүлшара Әбдіқалықова Мемлекеттік саясат ұлттық мектебінің тыңдаушыларына жаңа білімдерін, іскерілктері мен машықтарын мемлекеттік қызмет барысында Қазақстан халқының игілігі жолына жұмсауларына тілектестігін білдірді.
Айта кетейік, ұлттық мектеп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен 2008 жылы құрылды. Осы жылдар ішінде ол жаңа форматтағы 140 мемлекеттік басқарушыны даярлап шығарды.
Марлан Жиембай
Абай облысының Аягөз ауданында дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филология факультетін бітірген. 2005 жылдан бері "ҚазАқпарат" халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істейді.