Ғұмар Серғазиннің атом саласында мемлекеттік басқару саласында көп жылдық тәжірибесі бар. Әр жылдары ол ҚР Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінде басшылық қызметтер атқарды, 2017-2023 жылдары Комитет төрағасының орынбасары болды. 2023 жылдан бастап ҚР Энергетика министрлігінің Атом энергетикасы және өнеркәсібі департаментін басқарды, кейіннен ҚР Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары болып тағайындалды.
Ол жетекшілік ететін мәселелер қатарына атом саласын дамыту, оның ішінде ядролық және радиациялық қауіпсіздікті, физикалық ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ядролық қаруды таратпау режимін қамтамасыз ету кірді.
Оның кәсіби қызметінде атом саласындағы халықаралық ынтымақтастық маңызды орын алады. Ғұмар Серғазин Қазақстан Республикасының ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөніндегі комиссиясындағы ресми өкілі, АЭХА Халықаралық төмен байытылған уран банкінің (IAEA LEU Bank) үйлестіру комиссиясының тең төрағасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан АЭХА ұлттық үйлестірушісі (IAEA National liaison Officer, NLO) саналады.
Ғұмар Серғазиннің АЭХА-мен техникалық ынтымақтастық саласындағы жұмысы кезеңінде айтарлықтай прогреске қол жеткізілді, АЭХА-мен техникалық кооперацияның қазақстандық жобаларын іске асыру деңгейі айтарлықтай өсті. Оның тікелей қатысуымен атом энергетикасын, радиациялық қауіпсіздікті, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеуді және ядролық медицинаны дамытуға бағытталған жалпы құны 5,2 млн АҚШ долларын құрайтын АЭХА-мен техникалық ынтымақтастықтың 16 ұлттық жобасы іске асырылды.
Сонымен қатар оның көмегімен Қазақстанның 1000-нан астам маманы АЭХА оқу курстарына, семинарларға, ғылыми сапарларға және басқа да іс-шараларға қатысты.
Мемлекеттік басқару саласындағы практикалық қызметпен қатар Ғұмар Серғазин атом саласының заңнамалық және нормативтік базасын жетілдіруге қатысты. Атап айтқанда, «Атом энергиясын пайдалану туралы», «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы», «Радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу туралы» Қазақстан Республикасының заңдарымен жұмыс істеуге тікелей қатысты.
— Тағайындау Қазақстанның атом саласы алдында тұрған жаңа ауқымды міндеттер кезеңіне келеді. Қазақстанның атом саласының стратегиялық объектісі ретінде Ұлттық ядролық орталыққа атом энергетикасы, ядролық және термоядролық технологиялар қауіпсіздігі саласындағы зерттеулерді одан әрі дамыту, ғылыми-техникалық базаны нығайту, халықаралық ынтымақтастықты дамыту және елдің атом саласының стратегиялық міндеттерін іске асыруға қатысу міндеті тұр. Оның басшылығымен атом энергетикасын дамыту, ядролық және радиациялық қауіпсіздікті нығайту, бұрынғы Семей сынақ полигонын экологиялық оңалту және Қазақстанның ядролық таратпау саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау мүддесінде ғылыми-техникалық жобаларды іске асыру жалғастырылатын болады. Жинақталған және түзілетін радиоактивті қалдықтармен қауіпсіз жұмыс істеу үшін қажетті инфрақұрылым мен ұйымдастыру тетіктерін құруды қоса алғанда, радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу жүйесін дамытуға ерекше назар аударылатын болады, — делінген агенттік таратқан ақпаратта.
Бұған дейін Мемлекет басшысының өкімімен Ғұмар Екпінұлы Серғазин Қазақстан Республикасының Атом энергиясы жөніндегі агенттігі төрағасының орынбасары лауазымынан босатылғаны хабарланды.