БАҚ өкілдері Гутерришке израильдік әскерилердің бейбіт палестиналықтарды атып өлтіруге бұйрық алғаны туралы ақпаратты еске салды және мүше мемлекеттер Израильге қарсы санкциялар енгізетін уақыт келген жоқ па, деген сұрақ қойды.
— Бұл үшін арнайы есептің қажеті жоқ — Израильдің халықаралық құқықты өрескел бұзғаны анық. Мұндай заңбұзушылықтар болған жағдайда кінәлілер сөзсіз жауапқа тартылуы тиіс, — деп баса айтты Бас хатшы.
Гутерриш сондай-ақ, АҚШ пен Израильдің қолдауымен құрылған «Газаға гуманитарлық көмек қорының» гуманитарлық көмек тарату орталықтарында бейбіт тұрғындардың қаза табуы туралы жалған ақпарат таратты деген айыптауына пікір білдірді.
—Баршаңыз көрген бейнежазбаларды біз ойдан шығарған жоқпыз, — деді ол.
Сондай-ақ, Газа секторында атысты тоқтату жөніндегі жаңа бастамаларға қатысты сұраққа жауап беріп, Гутерриш:
— Біз Палестина әкімшілігі ұсынған бейбіт бастамаларды толығымен қолдаймыз, — деді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Гутерриш Таяу Шығыстағы шиеленісті тоқтатуға шақырды.