Гватемалада балалар үйі өртеніп, 19 жасөспірім ажал құшты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Гватемала астанасынан 25 шақырым жерде орналасқан балаларды оңалту орталығында өрт болып, 19 жасөспірім тілсіз жаудың құрбаны болды. Тағы 25 адамды күйік шалған және түрлі жарақат алған, деп хабарлайды Би-би-си.

Әзірге өрттің неден шыққаны белгісіз. Бірақ офицерлердің бірі жалын матрастарды өртегеннен тараған деген мәлімет берген.

Оңалту орталығында отбасында зорлық-зомбылық көрген, қараусыз қалған, адам саудасының құрбаны болған 18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленеді.

Оқиға болар алдында орталықта шеру болып, 60 бала қашып кеткен екен. Олар дөрекі қарым-қатынас пен өмір сүру жағдайының нашарлығына шағымданған. Болған жағдайға полиция араласуына тура келген. Кей деректер бойынша онда балалар жыныстық зомбылық көрген болуы мүмкін.

Орталық 400 балаға шақталған, алайда онда болған балалар саны бұл көрсеткіштен әлдеқайда көп болған.