Гватемала сот медицинасы институты таратқан мәліметтерге қарағанда, жексенбі күні атқылаған жанартау кем дегенде 69 адамның өмірін қиған. Әзірге олардың тек он жетісінің ғана тұлғасын анықтау мүмкін болып отыр. Тағы 15 адам, соның ішінде 12 бала ауруханаға жеткізілген. Бұған дейін табиғат апаты салдарынан 1,7 млн адам қауіпсіз аймаққа көшірілгені хабарланған болатын.
Жанартау теңіз деңгейінен 10 шақырым биіктікке дейін күл шашқан, ал жайылу радиусы 20 шақырымға дейін жеткен. Билік өкілдері жанартау материалдарының желмен бірге одан әрі таралу қаупі бар екенін айтады.
Гватемала президенті Джимми Моралес табиғат апатына байланысты елде үш тәулік ұлттық аза тұту күнін жариялады.
Гватемала Ұлттық сейсмология, вулканология, метеорология және гидрология институтының мәлімдеуінше, жанартаудың атқылауы жексенбі күні кешкісін тоқтаған, алайда институт өкілдері жанартаудың тағы да атқылауынан қауіптеніп отыр.