Гвинея-Бисау Қазақстан спутниктеріне қызығушылық танытады деп сенеміз – Жаслан Мәдиев

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан спутнигін импорттауға қызығушылық танытқан елдердің қатарын Гвинея-Бисау толықтыруы мүмкін. Бұл туралы Ақордада Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

- Цифрлық даму министрлігі мен Гвинея-Бисаудың Көлік және цифрлық даму министрлігі ІТ саласын бірге дамыту туралы меморандумға қол қояды. Сонымен қатар Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбалоның «Қазақстан ғарыш сапары» компаниясында кездесуі өтеді. Спутниктерді құрастыру кешенін көрсетеміз. Оларға Қазақстанның спутниктерін импорттауды ұсынамыз. Осындай келісімшартқа шығуға тырысамыз, - деді министр.

Оның атап өтуінше, Моңғолия, Конго, Қырғыз Республикасы тарапынан Қазақстан спутниктерін экспорттауға қызығушылық бар.

- Бізге спутниктік топтама құрастырамыз. Олардан да қызығушылық болады деп сенеміз, - деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, бүгін Ақордада елімізге ресми сапармен келген Гвинея-Бисау Президенті Умару Сисоку Эмбало мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арасында жоғары деңгейдегі келіссөздер өтіп жатыр.