Гвинея: Эбола қанды безгегіне шалдыққандар термальды камерамен анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Гвинея билігі Эбола қанды безгегінің таралуына тосқауыл қоюға тырысуда. Осы африкалық елде қауіпті дерттен ажал құшқандардың саны жүзден асып түсті, деп жазады шетелдік БАҚ.

Тағы 10 адам көршілес Либерияда көз жұмды. Енді Конакри әуежайында термальдық камера орнатылып, ол Гвинея астанасынан кетіп бара жатқан жолаушылардан бұл қатерлі вирусты анықтауға көмектеседі. Аппарат автоматты түрде адамның дене қызуын анықтап, температура 38 градустан жоғары болса , онда медицина қызметкерлері жолаушыны тыңғылықты тексеруге кіріседі. «Шекарасыз дәрігерлер» ұйымының қызметкері Тим Джагатиктің айтуынша, егер дертке шалдыққан адам ең бастапқы кезінде ем қабылдауға келсе, онда адамдарды аман алып қалу ықтималдығы жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының хабарлауынша, Батыс Африкадағы Эбола қанды безгегі ошағының қауіптілігі жоғары. Айта кетейік, Эбола қанды безгегі 1976 жылы Судан мен Заир мемлекеттерінің аумағында алғаш рет анықталған болатын. Бұл дертке шалдыққандардың 90 пайызы тірі қалмайтыны белгілі.