Ғылым кандидаты дәрежесі 10 мың долларға бағаланып, делдал пара беру үстінде ұсталды

АСТАНА. 27 маусым. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қалалық экономикалық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрлігі Білім саласындағы бақылау комитетінің

Ғылыми кадрларды дайындау және бақылау бойынша басқармасының бастығы Смайыловаға беруге арналған ақша қаражаттарымен делдалдың қылмыс үстінде қолға түсуінің бейне материалын көрсетілді. Бұл ақпаратты аталған ведомствоның баспасөз қызметі таратып отыр.

Смайылова ізденушіден заң ғылымдарының кандидаты дипломын алуда көмек көрсету үшін  10 мың доллар сомасында пара беруді бопсалаған. Астана қаласы бойынша қаржы полициясы департаментіне шағымданған азамат өзіне тиесілі дипломды және «Заң ғылымдарының кандидаты» ғылыми дәрежесін бір жыл ішінде ала алмай жүрген. Кейіннен Смайылова пара мөлшерлемесін 10-нан 5 мың АҚШ долларына дейін азайтқан.

Ағымдағы жылдың 23 маусымында делдал арқылы 2 мың АҚШ доллары сомасында бастапқы параны алғаннан кейін Смайылова ұсталды.

Сол күні пара алу фактісі бойынша Смайыловаға қатысты қылмыстық іс қозғалды және лауазымды тұлғаның пара алу дерегі бойынша айып тағылды.

25 маусымда жанұя жағдайына, кішкентай баланың бар болуына және кінәсін толық мойындауына байланысты Смайыловаға қатысты ешқайда кетпеу туралы тілхатқа қол қою бұлтартпау шарасы тағайындалды.