Ғылым қызметкері күні қарсаңында Түркі Академиясында бір топ ғалымдар бас қосты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Түркі академиясында ғылым қызметкерлері күні қарсаңында еліміздің бір топ белгілі ғалымдары және қоғам қайраткерлері бас қосты. Бұл туралы Түркі Академиясының баспасөз қызметі хабарлады.

Дөңгелек үстел басында М.Жолдасбеков, Қ.Сұлтанов, О.Смағұлов, С.Қасқабасов, Н.Оразалин, З.Самашев, Қ.Салғара, Ә.Ахметов, А.Смайыл, Б.Аяған, Ғ.Есім сынды зиялылар мен сала білгірлері жалпы түркітанудың бүгіні мен ертеңіне қатысты ойларын ортаға салды. Түркі академиясының жұмыстарымен жақын танысып, оң бағалап, табыс тіледі. Академияның халықаралық мәртебе алу бағытындағы жұмыстары мен мәртебе алған соң атқаратын жұмыс, жобалары туралы сұрақтарына толымды жауап алды. Сондай-ақ, биыл 75 жасқа толып отырған белгілі тарихшы, профессор Қойшығара Салғараұлы түбі бір түркі халықтарының рухани-мәдени мұраларын зерттеу, насихаттау және түркология ғылымын дамыту жолындағы көп жылғы еңбегі үшін Түркі академиясының құрмет грамотасымен марапатталды.