Бүгін ҚР Президенті Н.Назарбаевтың Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да оқыған дәрісіне қатысты С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің Ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры Балғабай Майқанов осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Б.Майқановтың айтуынша, 2009 жылдың соңында қабылданып, 2010 жылғы қаңтардың 1-де күшіне енетін Қазақстан Республикасындағы «Ғылым туралы» жаңа Заң уақтылы қолға алынып отыр және онда қазіргі қолданыстағы Заңның көптеген олқы тұстары ескерілген.
«Елбасы жаңа Заң бойынша ғылыми жобаларды қаржыландыру мәселесі арнайы құрылатын Ғылыми кеңесте қаралатынын атап өтті. Бұл отандық ғылым үшін оң үрдіс. Себебі бүгінгі күні, ғылыми жобаны әзірлеуші ғалымға қаржыландыру мәселесін шешу үшін мемлекеттік органдардың бірнеше сатылы комиссиясынан өту қажет. Ал ол күрделі жұмыс», дейді ол.
Сондай-ақ Б.Майқанов Президенттің: «Әрбір мемлекеттік орган мен компания төрағасының ғылыми мәселелер жөніндегі орынбасары болу керек», деген пікірімен толығымен келісетінін жеткізді. «Өйткені бұл - құзырлы органдарда ғылыми-инновациялық жобалардың жүзеге асырылып, өндіріске енуін қадағалаудың бірден-бір жолы», деді ол.