Ғылымды қаржыландыруға қатысты шешімді ғалымдар қабылдайды – комитет

АСТАНА. ҚазАқпарат – Енді уақытта ғылым саласына бөлінетін қаржыға қатысты шешімді отандық ғалымдардың өздері қабылдайды. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі ғылым комитетінің төрағасы Дархан Ахмед-Заки мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазір қаржыландыру немесе одан бас тарту туралы шешімді ғалымдардың өздері қабылдайды. Сонымен қатар ғылыми кеңес мүшелерінің этикалық кодексі қабылданды. Оны бұзу кеңестен шығуға негіз болады. Ұлттық кеңес шешімдерінің объективтілігі мен негізділігін арттыруға бағытталған апелляциялық комиссия құрылды. Сол сияқты ғылыми конкурстық рәсімдерді жеңілдету бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Олардың мерзімі 2 есе қысқартылып, ғалымдарға қаржылық дербестік берілді», - деді Дархан Ахмед-Заки Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, министрліктің ендігі міндеті ғалымдардың кадрлық және ғылыми әлеуетін нығайту.

«Отандық ғалымдарға қолдау көрсету және ғылымның дамуына жан-жақты ықпал етудің бірден-бір жолы, гранттық қаржыландыру конкурстарын өткізу. Сол сияқты оған бөлінетін қаржы көлемін ұлғайту. Айтар болсақ, 2020-2022 жылдарға жас ғалымдардың бір ғана конкурсы бойынша ғылыми зерттеулерді гранттық қаржыландырудың жалпы көлемі 9 млрд теңгені құрайды. Ғылыми гранттарды қаржыландыру үнемі сұранысқа ие. Тек 2021 жылы министрлік жобаларды қаржыландыру көлемі мен іске асыру мерзімі әртүрлі гранттарға 5 конкурс өткізді. Әрбір жобаны қаржыландыру көлемі қойылған міндеттер мен жүргізілетін зерттеулердің ауқымына байланысты», - дейді ол.

Бұған дейін елімізде соңғы үш жыл ішінде ғылым саласына бөлінетін қаржының 70 пайызға артқаны туралы хабарлаған едік.