Отырыста аталған мәселе бойынша негізгі баяндама жасаған аудиторлық топ жетекшісі Серік Нөгербековтің айтуынша, мемлекеттік аудит нәтижесі ғылымды одан ары дамытуға және экономиканың ғылыми қамтымдылығын арттыруға кедергі келтіретін бірқатар жүйелі проблеманың бар екендігін көрсеткен.
«Қаржыландыру көлемі, ғылыми зерттеулерді орындайтын кәсіпкерлік сектор ұйымдарының, ғылыми жобаларға тартылған қызметкерлер саны сынды ғылымды дамыту көрсеткіштерінің төмендеуі байқалады», - деді аудиторлық топ жетекшісі.
Осы ретте ол гранттық қаржыны алушылар өздерінің міндеттемелерін орындамаған жағдайда ақша қаражаттарын қайтару тетіктерін әзірлеу қажеттігіне назар аударды. Оның дерегінше, мұндай тетіктің болмауы салдарынан грант бойынша келісімдегі міндеттемесін орындамаған «Стерин» инновациялық компаниясы» ЖШС-інен 150 млн теңге өндіріп алынбай отыр.
«Гранттық жобаларды жүзеге асыру кезеңінде қаражат үнемделген жағдайда оны қайта бөлу және мемлекеттік бюджетке қайтару жүргізілмейді. Соның салдарынан «Ғылым қоры» АҚ-ның бақылау есепшотындағы 32,3 млн теңге қаражат оқшауландырылған. Мемлекеттік аудит қорытындысында жалпы сомасы 58,7 млн теңгенің қаржылық бұзушылықтары анықталып, оның 52 пайызы аудит барысында қайтарылды. Сондай-ақ өкілетті органға әкімшілік өндіріс қозғау үшін бір материал жіберілді», - деді Серік Нөгербеков.
Ал ҚР Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов ведомство тарапынан барлық ескертулер қаперге алынып, анықталған бұзушылықтарды жоюға бағытталған жол картасының әзірленгенін айтты.
«Бұзушылық болған 58,7 млн теңгенің қазірдің өзінде 48 млн теңгесі республикалық бюджетке қайтарылды. Бұл орайда 58,7 млн теңгенің 46 млн теңгесі біздің бір университетке тиесілі екендігін атап өткен жөн», - деді ол.