Ғалымның сөзіне қарағанда, экспедицияға қатысушылар Астанадан бастап жалпы 4,5 мың шақырым жерді еңсерген. Осы орайда олар қазақ халқының тарихина байланысты көптеген орындарға тоқтады.
«Біз осы сапарға тыңғылықты дайындалдық. Осы экспедицияның негізгі мақсаты - қазақ хандарының жолдарын өз көзімізбен көріп, қосымша мәліметтерді анықтау. Жалпы жолда тоғыз күн болдық. Бірінші барған жеріміз Ұлытау болды. Ол жерде Жошы хан, Алаша хан кесенелеріне барып, оларды зерттеуге қатысты деректерді жинадық және осы өңірдегі танымал өзге де жерлерді араладық. Бұдан кейін Оңтүстік Қазақстандағы Созақ, Сығанақ, Сауран секілді көне қалалардың орындарына, сондай-ақ Қазақстан тарихы үшін өте маңызды Түркістан қаласына тоқтадық. Мұнымен қоса, Тараздағы тарихи ескерткіштерге де арнайы бардық. Сонымен қоса бірнеше күн бұрын Көкшетау өңіріне барып, Уәли ханның кесенесінде болдық. Жалпы экспедицияның негізгі мақсаттары орындалды деп санаймыз», - деді Б. Аяған.
Осы орайда ол экспедиция кезінде жиналған ақпараттар институт ұжымының бұдан ары қарай жүргізетін ғылыми жұмыстарында кеңінен пайдаланылмақ.
«Бұл деректерді алдағы уақытта арнайы конференцияда арнайы талқылап, кітап ретінде шығармақпыз. Сапар бойынша үлкен есепті ғалымдардың алдында жасауды көздеп отырмыз»,-деді институт директоры.