Х. Бекхожин - қазақ журналистикасының іргетасын бөліп беріп, оны ғылым ретінде қалыптастырған тұлға - Б.Жақып
Хайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған шараны Қазақстан журналистика Академиясы,Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультеті ұйымдастырды.
Х.Бекхожин - ұлттық баспасөзіміздің тарихы бойынша тұңғыш кандидаттық және докторлық диссертациялар жазды. Докторлық диссертациясын 1964 жылы жарық көрген «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» атты монографиясы бойынша даярлап, ғылыми баяндама түрінде қорғады.
Х.Бекхожиннің ХІХ ғасырдың басында жарық көрген тұңғыш журнал «Айқап» туралы жазылған зерттеу еңбегі - кеңес дәуіріндегі ғылымға қосылған үлкен жетістіктердің бірі.
Бұл күндері Х.Н.Бекхожиннің бастамасымен 1948 жылы құрылған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика тарихы кафедрасының құрылғанына 63 жыл толып отыр. Кафедра 2010 жылдың 1 қыркүйегінен бастап Бұқаралық коммуникацияның тарихы мен теориясы деп аталады.
Хайыржан Бекхожин қазақ журналистикасындағы бірнеше ұрпақты қалыптастырды, ұстаздық етті. Оның өз білімін келер ұрпаққа жеткізген тұлға екендігін бүгінгі конференцияға ұстазға құрмет танытып келген барлық төртінші билік өкілдерінен байқауға болады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Бауыржан Жақып өз сөзінде алғашқы журналистика факультетінің деканы болған, қазақ журналистикасының іргетасын бөліп берген, журналистиканы ғылым ретінде қалыптастырған тұлға екендігін атап өтті.
Жиын барсында Бекхожиндер әулеті атынан арнайы журналистика факультетінің студенттері Әбдіқова Жәния, Әбділдаева Айдана мен Абдуллаев Абдулға Хайыржан Нұрғожаұлы Бекхожин атындағы шәкіртақы мен құрмет грамотасы берілді.