Хайыржан Бекхожиннің 100 жылдық мерейтойына арналған «Өнегелі өмір» сериясымен жарық көрген кітаптың тұсаукесері өтті.
Аталған игі шараны университет ректоры Ғалымқайыр Мұтанов ашып, қарашаңырақ ҚазҰУ-де үлкен бастама қолға алынып жатқандығын айтып өтті. «Ұлттық университетте қызмет атқарған азаматтар бір төбе. Біз сол зиялыларымыздың еңбектерін насихаттасақ, бүгінгі жастарға үлгі-өнеге болады», - деді ректор. Сонымен қатар ол публицистің ұстаздық тәрбиесін, жақсылығын көрген қауымға бұл отырыс алда болашақ мамандарды даярлауда тың серпілістерге бағыт берсін деген тілегін жеткізді.
Көсемсөзшінің көрегендігін саралай келген ардагер-ұстаздар Тұрсынбек Кәкішев, Әбілфайыз Ыдырысов және бүгінде қазақ баспасөзінің өрісін дамытып отырған Жұмабек Кенжалин, Жұмабай Шаштайұлы, Ұлықбек Есдәулет, Бекжан Әшірбаев, Самат Ибрайым сияқты журналист өкілдері кезек-кезегімен сөз алып Х.Бекхожиннің адамдық болмысын аша түсті. Профессор, ф.ғ.д, академик Т. Кәкішев Х. Бекхожиннің амамгершілігі өмір бойы азық болып келе жатқандығын айтып өтіп, тәуелсіздігіміздің бір анық белгісі ретінде дараларымызды, даналарымызды насихаттай беруге шақырды.
Ал Жұмабек Кенжалин өз кезегінде ұстазына деген толғанысын білдірді. «Бізге ұлы ұстаздар дәріс оқыды. Біз Хайыржан ағамыздан дәріс тыңдап, сынақ тапсырып, тәлім алдық. Ол кісі кеңестік идеологияның қылбұрауы кезеңінің өзінде «Айқап», «Қазақ» газеттері туралы айтатын», - дейді ол.
Сондай-ақ журналистика тарихы кафедрасының меңгерушісі Сағымбай Қозыбаевтың айтуынша, 4 наурызда Хайыржан Бекқожиннің мерейтойына орай халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтпек.