Х.Бөкеева атындағы БҚО театрында «Мұқағали, Нұрғиса» драмасы қойылмақ

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық қазақ драма театрының жаңа, ХХVІ маусымы Иран-Ғайыптың «Абай» («Мен ішпеген у бар ма?..») реквиемімен ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қойылымды режиссер Мұқанғали Томанов сахналаған болатын. Суретшісі - Мұрат Мәмбетов.

Бұл спектакльде «мыңмен жалғыз алысып», ел-жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған Абайдың жан-дүниесі көрініс тапқан.

Абайды Мұсағали Бектенов сомдаса, Құнанбайды Теміржан Матаев, Әйгерімді Нұрлыгүл Жұбатова шығарды. Сондай-ақ Жылқыбай Жұбатов, Талиғат Жігеров, Хорлан Шамелова, Айдар Жарылғапов және басқа әртістер сахнадан көрінді.

БҚО мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиевтің айтуынша, Х.Бөкеева атындағы драма театрында өткен маусымда жеті бірдей премьера болды. Соның ішінде жазушы-драматург Сәбит Досановтың «Мәншүк» атты туындысы Астананың 20 жылдығына орай елордада да қойылды. Бұрын негізінен тарихи тақырыптағы шығармалар сахналанып келсе, енді әнші-композиторлар, ақын-жазушылардың өмірі көрермендерге ұсынылмақшы. Мысалы, жуырда Ақ Жайықтан түлеп ұшқан, Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Жұманиязов Нартай Сауданбекұлының «Мұқағали, Нұрғиса» драмасын қоймақшы.

«Мұқағали, Нұрғисаға» ақын өмірінің соңғы кезеңі арқау болған. Мұқағалидың Нұрғисаның үйінде бір айдай тұрып, екеуі бірігіп, өлмес туындыларды дүниеге әкелгені мәлім. Нұрғисаның ролінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сердеш Қажымұратов ойнаса, Мұқағалиды театрдың көркемдік жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ербол Есендосов шығармақшы. Премьера қазанның 24-інде болады», - деді ҚазАқпарат тілшісіне Нұрлан Жұманиязов.

Айта кетейік, биылғы желтоқсанда Х.Бөкеева атындағы театрдың құрылғанына тура ширек ғасыр толады.