Х.Карзай мен оның командасы бұдан былай Ауғанстан саясатында көшбасшы болмайды - Махмұд Сайкал

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ауғанстан Ислам республикасының экс-президенті Хамид Карзай елдің саяси өмірінде бұдан былай көшбасшы бола алмайды. Бұл туралы бүгін Фридрих Эберт атындағы қордың ұйымдастыруымен өткен 'Аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылық туралы бірлескен декларацияның' тұсаукесер рәсімінде 'Afghanistan Polisy Group' орталығының саяси жетекшісі Махмұд Сайкал айтты.

"Бізде жуырда президенттік сайлау өтті. Нәтижелері бірнеше күнде белгілі болады. Бізде екі сценарий бар. Біріншісі - бірінші турда-ақ жеңімпаз белгілі болуы мүмкін. Ал екіншісі - егер олай болмаса, сайлаудың екінші турын өткіземіз. Дегенмен қазірдің өзінде белгілісі, Карзай мырза мен оның командасы бұдан былай ауған саясатында негізгі ойыншы бола алмайды. Жаңа билік қалыптасып, ол құқықты алға шығарып, жемқорлықты тыяды", - деді М.Сайкал.

Оның айтуынша, Ауғанстан үшін президенттік сайлау тарихи оқиға болды.

"Талибанның қорқытып-үркітуіне қарамастан, сайлаушыларымыздың 60%, шамамен 7 млн. адам дауыс берді. Олардың сайлау учаскелеріне келуінің өзі біздің қарулы қарсыластарымызға еліміздің демократиялық жолмен дамығысы келетінін көрсетті", - деді ол.

Айта кетейік, аталған құжатты Ауғанстан, Орталық Азия, Үндістан мен Пәкістанның 60-тан астам сарапшысы жазған. Онда көршілес мемлекеттердің Ауғанстанды оңалтуға және трансформациялауға қалай үлес қоса алатыны жөнінде ақыл-кеңестер мен мәлімдемелер бар. Бұл өз кезегінде аймақты тұтастай дамытуға мүмкіндік береді.

Шараға қатысушылардың атап өтуінше, көршілес орналасқан Орталық Азия аймағы Ауғанстандағы ахуалды тұрақтандыруда маңызды рөл атқарып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қоса алады. Қазақстан Республикасы Орталық Азиядағы серпінді дамып келе жатқан мемлекет ретінде өзара көмек пен бітімгершіліктің аймақтық тетіктерін қалыптастыруға белсенді түрде атсалысуға дайындығын білдірді.

Фридрих Эберт атындағы қордың Аймақтық жобасы Ауғанстан, Орталық Азия (Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан), Үндістан мен Пәкістан сарапшылары үшін бірегей диалог алаңын қалыптастырып берді. Сарапшылар жоба шеңберінде бір жарым жыл бойы аймақтық проблемаларды шешу жолдарын іздестіріп, тарихи және саяси қақтығыстар жөнінде диалог құру бағытында жұмыс істеді. "Аймақтық бейбітшілік пен тұрақтылық туралы бірлескен декларация" осы жұмыстың нәтижесі.

Бұған дейін мұндай тұсаукесер рәсімдері Кабул, Ыстамбұл, Исламабад, Пешавар, Вашингтон, Нью-Йорк, Берлин және Брюссель қалаларында өткен. Аталған шаралар барысында осы елдердің мемлекеттік органдары мен БҰҰ, ЕО сынды халықаралық ұйымдар өкілдеріне Декларация табысталған.