Виктор Зубков алда келе жатқан Форумның негізгі сессияларына қатысады. Ресми Мәскеу аймақтағы көршілер арасында тең құқылы қатынастарды құру үшін Энергетикалық дамуды жоспарлау және жобалау жөніндегі Еуразиялық орталықты құруды ұсынып отыр. Осыған орай нарықтың басқа да қатысушыларының Форумның «Энергия қорлары геосаяси өзара қатынастардың басты назарында» атты арнайы сессиясында айтатын пікірлері қызығушылық тудыруда.
Өткен жылдағы сәйкесінше кезеңмен салыстырғанда 2015 жылдың 1-жартыжылдығында түсірген пайдасы 2,7 есеге төмендеген PetroChinaCompanyLimited компаниясының вице-президенті Люй Гунсюнь Форумда әлемдік энергетиканың дамуына қатысты жаһандық болжамдарға, энергетиканы модельдеудің тиімді әрі сапалы құралдарын жасап шығаруға және т.б. мәселелерге арналған панельдік сессияларға қатысады.
KAZENERGY-дың мерейтойлық форумы осыған дейін мәлімделгендей «Жаңа энергетика көкжиектері: ынтымақтастық және инвестициялар келешегі» тақырыбына арналатын болады. Форумда қазіргі замандағы энергетикалық және саяси саланың күн тәртібінде тұрған ең айтулы деген барлық оқиғалар, мұнай-газ және энергетикалық нарықтағы өзгерістер көтерілетін болады. Интеграциялық үдерістер, ұзақ мерзімді сауда-экономикалық және энергетикалық серіктестікті қалыптастыру, жаһандық энергетикалық тұрақтылықты әсіресе Еуропа мен Азияның аймақтарында қамтамасыз ету мәселелері кеңінен қарастырылатын болады.
Сонымен қатар, Форумға ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов, Франция премьер-министрі (2007-2012) Франсуа Фийон, БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі және Барлығына арналған тұрақты энергетика жөніндегі бастаманың (SE4All) бас директоры д-р Канде К. Юмкелла, Дүниежүзілік мұнай кеңесінің президенті Йозеф Тот, Халықаралық газ одағының бас хатшысы Пол Расмуссен секілді тағы да басқа мемлекеттер мен мекемелердің басшылары, ұлттық және халықаралық энергетикалық компаниялардың топ-менеджерлері келмек.