ІХ қысқы Азияда ойындары Харбинде ресми аяқталды

Фото: Фото: Нұрғали Жұмағазы

ХАРБИН. KAZINFORM — Қытайдың Харбин қаласында өткен ІХ қысқы Азия ойындарының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Қытай Халық Республикасы Мемлекеттік Кеңесінің Премьері Ли Цян, Моңғолия Премьер-министрі Лувсаннамсрайн Оюун-Эрдэнэ, Бруней сұлтаны Хассанал Болкиах және Кук аралдары Премьер-министрі Марк Стивен Браун жабылу салтанатына қатысты.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Азия Олимпиадалық кеңесінің (АОК) бірінші вице-президенті Тимоти Фолк Янг-Тинг Харбин қысқы Азия ойындарын ресми жабық деп жариялады.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

ІХ қысқы Азия ойындарында 9 мемлекет жүлде жеңіп алды. Олардың қатарында Тайланд құрамасы бір қола медаль еншілеп, өз тарихында алғашқы Азия ойындарының жүлдесін қанжығалады.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Жарыс қожайыны Қытай құрамасы 32 алтын, 27 күміс, 26 қола медаль еншіледі. Ал 16 алтын, 15 күміс, 14 қола иеленген Оңтүстік Корея спортшылары екінші орынға жайғасса, үздік үштікті Жапония спортшылары қорытындылады. Олардың еншісінде 10 алтын, 12 күміс, 15 қола медаль бар.

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Қазақстандық спортшылар 4 алтын, 9 күміс, 7 қола медальмен жалпы есеп бойынша төртінші орынға табан тіреді. 

Фото: Нұрғали Жұмағазы

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы қысқы Азияданың соңғы күнінде екі жүлдені қоржынға салды.

Хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы алтын алса, әйелдер күміс еншіледі.