«Хабар» агенттігінің жүргізуші-редакторы Қ.Қазанбасов - Қарағанды облысы әкімінің жаңа баспасөз хатшысы

None
ҚАРАҒАНДЫ. 12 қазан. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев жаңа баспасөз хатшысын тағайындады.

Ол - осы уақытқа дейін «Хабар агенттігі» акционерлік қоғамы ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының жүргізуші-редакторы қызметін атқарған 27 жастағы Құрманбек Қазанбасов.

«Менің өкіміммен Қазанбасов Құрманбек Жұмағалиұлы «Б» корпусындағы әкімшілік бос орынға орналасу жөніндегі арнайы конкурстық іріктеуден өткеннен кейін Қарағанды облысы әкімінің баспасөз қызметі басшысының міндетін атқарушы болып тағайындалды», - деп таныстырды жаңа баспасөз хатшысын Б. Әбдішев бүгінгі облыс әкімдігінің отырысында.

Баспасөз қызметінің жаңа басшысы арнайы тексеру аяқталғанға дейін міндетін атқарушы қызметін атқарады.

Қарағанды облысы әкімінің баспасөз хатшысының қызметі биылғы жылдың тамыз айынан бері бос тұрған.

Қ. Қазанбасов, 1985 жылы туған, білімі жоғары, 2008 жылы журналист мамандығы бойынша Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген. Еңбек жолын 2006 жылы Алматы қаласында «Қазақстан» Ұлттық телерадиокомпаниясы редакторлық бөлімінің штаттан тыс редакторы болып бастаған.

2009-2010 жылдары «Хабар агенттігі» АҚ Алматы филиалында ақпараттық бағдарламалар дирекциясының тілшісі және дикторы болып істеген.

2010 жылдың желтоқсан айынан бастап бүгінгі күнге дейін «Хабар агенттігі» АҚ ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының тілшісі, кейін жүргізуші-редакторы қызметін атқарған.