Хабар арнасында бүгін жұлдыздар жарысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Жұлдызды дода. Звездные войны» - бұл ерекше телевизиялық сахна тек жұлдыздардың өнер көрсету орны ғана емес, сонымен бірге олардың жарыс алаңы. «Жұлдызды дода» - ол әртістер әйелдер мен ерлер құрамаларының жекпе-жегі». Бұл туралы «Хабар» Агенттігінің Бағдарламалар директоры Сандуғаш Рақымжанова мәлімдеді.

Додада жігіттер мен қыздар құрама командасы бір-бірімен сайысқа түседі. Әр апта сайын жобаға қатысушылар отандық және әлемдік жұлдыздардың образына еніп, кейіпкердің түр-келбетін ғана емес, дауысына дейін айнытпай салулары қажет. Қазақстандық әртістерге осындай қиын да күрделі тапсырмаларды жүзеге асыруға вокал, актерлік және сахна шеберлігі бойынша тәжірибелі мамандар көмектеспек. Ал бет-бейнеге қатысты жауапты мамандар Ресей, Украина және Латвия елдерінен арнайы шақырылған болатын.

«Телевиденияға осындай деңгейдегі жобаны біз бірінші рет жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жоба күрделі қойылымдарға толы, яғни әрбір музыкалық нөмірлерге арнайы балетпен және реквизиттермен көрініс дайындалады» - деді «Хабар» Агенттігінің Бағдарламалар директоры Сандуғаш Рақымжанова.

Топтар әр бағдарламада бір-бірімен өзара өнер бәсекесіне түседі және финалда ұпайлардың жиынтық нәтижесінде ең мықтылары айқындалады. Жобаға атақты он қазақстандық орындаушылар қатысады, оның құрамына - Луина, Жанар Дұғалова, Ерке Есмахан, Әсел Садуақасова, Жанна Орынбасарова, Кентал, Рүстем Нұржігіт, Ақжол Мейірбеков, Адам және Сүндет Байғожин кіреді. Қатысушыларға баға беретін беделді қазылар алқасы қатарына Нұрлан Абдуллин, Сакен Майғазиев, Алмат Сағатов және тағы басқалар кіреді. Сондай-ақ, тұрақты төреші ретінде ҚР еңбек сіңірген әртісі, профессор, әнші Толқын Забирова шақырылған. Бағдарламаны Баян Есентаева мен Арман Дүйсенов жүргізеді.

Аталмыш теле-шоу әр аптаның жұма күні кешкі сағат 21.30-да эфирге шығады.