Хабар» телеарнасында - «Оскар-2015»

АСТАНА. ҚазАқпарат - 23 ақпанда сағат 23:00-де «Хабар» телеарнасында ең беделді «Оскар-2015» киносыйлығының ресми марапаттау салтанаты теленұсқасының эксклюзивті көрсетілімі өтеді.

Жыл сайын «Оскар» көгілдір экранға түрлі елдердің кино майталмандарын жинайды. 2014 жылы АҚШ-та салтанатты кешті 43 млн. адам көрген еді, ал бейресми мәліметтер бойынша әлемдік аудиторияның бұл көрсеткіші тіпті миллиардқа жеткен болатын.

«Қазақстанда сапалы киноны бағалаушы адамдардың саны аз емес, сондықтан «Хабар» арнайы осындай ауқымды шараны жылда көрсетуде. Марапаттау салтанаты Астана уақытымен 23 ақпанда сағат 5-те басталады. Көрермендеріміздің ыңғайына біз бейімдендірілген теленұсқаны дәл сол күні кешкісін барлық Азиялық және Шығыс-Еуропалық арналармен бірге көрсетеміз. Көрсетілім үлкен кино әуесқойлардың көңілінен шығады деп үміттенеміз»,- дейді «Хабар» агенттігінің бағдарлама директоры Сандуғаш Рахымжанова.

Осы жылы «Үздік кино» номинациясына 8 туынды марапатқа ұсынылды: «Отель «Гранд Будапешт», «Ересектік», «Таяқтың күшімен», «Бёрдмен», «Барлығының теориясы», «Имитация ойыны», «Снайпер», «Сельма».

Ең үздік ерлер ролі үшін «Оскар» жүлдесіне барынша талантты келесі актерлер үміттенеді - Стив Кэрелл («Түлкі аулаушы») Брэдли Купер («Снайпер»), Бенедикт Камбербэтч («Имитация ойыны»), Майкл Китон («Бёрдмен») және Эдди Редмэйн («Барлығының теориясы»). Брэдли Купер үшін бұл үшінші номинация, ал қалған актерлер бірінші рет мұндай марапатқа ие.

Ең үздік әйелдер ролі үшін үміткерлер арасында 2007 жылы киносыйлықтың лауреаты Марион Котийяр («Екі күн, бір түн»), Фелисити Джонс («Барлығының теориясы»), Джулианн Мур («Әлі де сол Элис»), Розамунд Пайк («Жоғалған») және Риз Уизерспун («Жабайы»).

Үш Оскардың иегері Мэрил Стрип биыл номинация саны бойынша көшбасы тізгінін берік ұстауда, яғни 19 номинацияның иегері осы жылы да «Екінші пландағы үздік актриса» санатында бақ сынамақ.

Сонымен бірге шет тілінде ең үздік фильмдер номинациясына іліккен туындыларға көптеген пікірлер жинаған ресейлік Андрей Звягинцевтің «Левиафан» киносы. Оған бәсекелес болатын фильмдер арасында «Ида» (Польша), «Мандарины» (Грузия/Эстония), «Тимбукту» (Мавритания), «Жабайы оқиғалар» (Аргентина).

Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жылы көрермендерді көптеген тосын сыйлар күтеді, атап айтқанда, «Долби» театрының сахнасында «Maroon 5» тобының фронтмены Адам Левайн, Джон Ледженд, Анна Кендрик, Рита Ора, Леди Гага және Дженифер Хадсон сияқты жұлдыздар марапатқа ұсынылған кинолардың өлеңдерін орындайды.

87-ші марапаттау салтанатын көрермендерге «Қалай мен Сіздердің аналарыңызды кездестірдім» атты телехикая бойынша танымал болған актер Нил Патрик Харрис жүргізеді. Харистің өткір ойы, тапқырлығы, әншілік және бишілік дарындылығы ұйымдастырушылардың аса назарын аударған болатын. Марапаттау шарасының қазақстандық нұсқасының трансляциясын түсіндіру атақты киносыншы, kino-pravda.kz сайтының ортақ құрылтайшысы Дмитрий Мостовойға және «Хабар» телеарнасының жүргізушісі Нұрсұлтан Құрманға тапсырылады.

Сонымен қатар, «Хабар» телеарнасы киносыйлықтың көрсетіліміне орай «Оскар» номинациясына ие болған және лауреаты атанған фильмдердің үшкүндік марафонын ұйымдастырады. Көрермендер өткен жылдардың үздік топтамасын тамашалай алады: 20 ақпанда сағат 21.30-да - «Құлдықтағы 12 жыл», 21 ақпанда сағат 22.00-де - «Шоушенкадан қашу» және 22 ақпанда сағат 22.00-де - «Жауынгер».