«Хабар» телеарнасында жаңа республикалық телебайқау - «Жігіт сұлтаны»

АСТАНА. 12 сәуір. ҚазАқпарат - 13 сәуір күні «Хабар» арнасында (сағат 22.20-де) «Жігіт сұлтаны» жаңа республикалық телебайқауы басталады.

Бағдарлама қатысушыларына қойылған басты талаптар: жасы 18 бен 29 аралығында, бойының ұзындығы 170 см-ден кем емес, қазақ тілінде еркін сөйлей алатын, қазақ дәстүрі мен тарихынан сусындағын, өнерлі әрі спортпен шыныққан азамат болу.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, қазіргі таңда елімізде нәзік жандылар қатысатын көптеген байқаулар бар: «Қазақ аруы», «Қазақстан аруы», «Қазақстан топ-моделі», «Қазақ ханшайымы» және т.б. Бірақ ер жігіттерге ғана арналған байқаулар біздің елде әзірге болмай тұр. Мұндай байқау осыдан 20 жыл бұрын, 1993 жылы алғаш рет және соңғы рет өткен болатын. Ол дода баршамызға М.Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрының актері, тележүргізуші және әнші Жалғас Толғанбай атты жаңа есімді сыйлаған болатын. Финалда Жалғас автокөлікті ауызбен бірнеше метрге сүйрегені көптеген отандастарымыздың әлі есінде.

Ақпан айында Астана қаласында байқауға қатысуға үміткерлер арасында іріктеу өтті. Қазылар алқасы бәйгеге қатысуға лайық деген 16 үміткерді таңдап алды. Ал сәуір айынан бастап қатысушылар ән сайысы, актерлік шеберлік, цирк өнері, би жарысы, ұлттық қолөнер, спорттық бәсеке және т.б. сайыстарда бақтарын сынайды. Әр байқау күнінен кейін бір үміткер жобадан шығып отырады. Финалдық жарыста үздіктің үздігі атану үшін 6 адам сынға түседі деп жоспарлануда. Жүлдегерлерді құнды сыйлықтар күтіп тұр, ал бас бәйге - автокөлік.

Қазылар алқасы - әр бағдарламаның тақырыбына сай шақырылған белгілі кәсіптің майталмандары. Жобаның алғашқы шығарылымдары, яғни 13 сәуір мен 20 сәуірде эфирге шығатын бағдарламалар көптеген қызықты оқиғалардың куәсі болған іріктеу кезеңіне арналады.