Хабаровск өлкесінде Ми-8 тікұшағының апатынан 6 адам қаза тапты

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ресейдің Хабаровск өлкесінде Ми-8 тікұшағының апатынан 6 адам қаза тапты, деп жазады ТАСС.

Мәліметтер бойынша, тікұшақ "Восток" әуекомпаниясына тиесілі болған. Ол Полина Осипенко атындағы ауылдан ұшып шығып, Онгачан шығанағы ауданындағы Шантарск аралына қонуы тиіс еді. Бортта 3 экипаж мүшесімен бірге 13 жолаушы болған.

Онгачан шығанағына тікұшақ Мәскеу уақытымен 10:20-да келіп қонуы керек болған. Алайда, межелі уақытта олармен байланысу мүмкін болмаған. Осыдан кейін Ми-8 және Ан-26 тікұшағы оларды іздеуге жіберілді. Бірер сәттен кейін экипаж командирі байланысқа шығып, тікұшақтың қонуға тиісті жерден 3 шақырым жерде апатқа ұшырағанын хабарлаған. Алдын ала мәлімет бойынша, 3 экипаж мүшесі мен 7 жолаушы аман қалған. Ал 6 жолаушы ажал құшқан.