Хабаровскідегі турнир: Сәкен финалға шықты, Мұхамедсабыр ресейлік боксшыдан жеңілді
АСТАНА. KAZINFORM — Ресейдің Хабаровск қаласында өтіп жатқан бокстан Константин Коротковты еске алуға арналған турнирде Сәкен Бибосынов (54 келі) финалға жолдама алды.
2021 жылғы әлем чемпионы жарақат салдарынан біршама уақыт бокстан қол үзіп алған еді. Соған қарамастан турнир барысында жанкүйер көңілінен шығатын деңгейде жекпе-жек көрсетіп жатыр.
Жартылай финалда ол өзбекстандық Фариезбек Дусматовты 5:0 есебімен қапы қалдырды. Фариезбек — қос дүркін Олимпиада чемпионы Хасанбой Дусматовтың туған інісі. Хасанбой да аталған турнирге келгенімен, ширек финалда жолын інісіне берген еді.
Енді отандасымыз финалда ресейлік Денис Палшинмен қолғап түйістіреді.
Сәкен Бибосынов 1992 жылы дүниеге келген. Әлем чемпионатында 2021 жылы алтын алса, 2019 жылы қола жүлдегер болды. 2020 жылы Токио Олимпиадасында үздік үштіктен көрінді.
Сондай-ақ ел құрамасынан Мұхамедсабыр Базарбайұлы (67 келі) жартылай финалда ресейлік Егор Козорезовке 0:5 есебімен жеңіліп, турнирдің қола медалін қанағат тұтты.
Қазірге дейін ел құрамасынан Римма Волосенко (60 келі) өзбекстандық Рашида Тагированы 5:0, Ұлдана Таубай (66 келі) тағы бір қазақстандық Аружан Жаңабаеваны 4:1 есебімен жеңіп, бас жүлдені сарапқа салуға мүмкіндік алды.
Жарыстың аталған сатысында Жандос Қыдыралиев (63.5 келі) өзбекстандық Абдулло Мадаминовқа 0:5 есебімен жол берді.
Айта кетейік, халықаралық турнир биыл он алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Байрақты бәсеке 20 сәуірге дейін жалғасады.
Еске салсақ, 17 сәуірдегі жекпе-жектерде 7 қазақстандық боксшы келесі кезеңге өтті.