Хакерлер әлеуметтік желілердегі Skype аккаунтын бұзды

АСТАНА. 2 қаңтар. ҚазАқпарат - «Сириялық электрондық әскер» хакерлер тобы Skype аккаунтын бұзды. Бұл жауапкершілікті олар өз мойнына алды.

Шетелдік БАҚ-тың хабарлауынша, сервистің Твиттер мен Фейсбуктегі парақшаларында хакерлер пайдаланушыларға ескерту жазып қалдырған. Онда арнайы қызметтер интернет пайдаланушыларды бақылап отырғаны жөнінде айтылады. Бұл туралы Эдвард Сноуден де айтқан еді. Оның мәліметтері бойынша, Skype - интернеттегі бейнеқоңыраулар бағдарламасы - өзінің қолданушылары жөніндегі мәліметтерді арнайы қызмет органдарына беріп отырады.

Естеріңізге сала кетейік, «Сириялық электрондық әскер» деп аталатын хакерлер тобы танымал аккаунттар мен әлеуметтік желілерді бұзумен айналысады. Хакерлер өздерін қазіргі билік жақтастары деп санайды, олар шиеленістің шынайы көрсетілуі үшін күресетіндіктерін жариялаған.