Хакерлер Instagram-ның 17,5 миллион қолданушысының деректерін ұрлаған

Фото: Anadolu Agency

АСТАНА. KAZINFORM — Киберқылмыскерлер Instagram әлеуметтік желісінің 17,5 миллион қолданушысына тиесілі жеке деректерді ұрлаған. Бұл туралы ТАСС хабарлады.

Бұл жөнінде америкалық Malwarebytes киберқауіпсіздік компаниясы мәлімдеді.

— Киберқылмыскерлер Instagram-дағы 17,5 миллион аккаунттың құпия ақпаратын қолды еткен. Олардың ішінде пайдаланушы аттары, нақты мекенжайлар, телефон нөмірлері, электрондық пошта мекенжайлары және басқа да деректер бар, — деп жазды компания X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Notebookcheck порталының хабарлауынша, тарап кеткен деректер фишинг шабуылдары мен аккаунттарды ұрлау мақсатында пайдаланылуы мүмкін. Ақпарат 2024 жылы тараған болуы ықтимал, алайда бұл деректер кең аудиторияға тек 2026 жылы ғана қолжетімді болған.

Instagram қолданушылары өз аккаунттарының құпиясөздерін өзгертуге бағытталған әрекеттер туралы ескертулер ала бастаған.

Ал Meta компаниясының өкілдері әзірге деректердің таралу фактісін растаған жоқ және жағдайға қатысты ешқандай түсініктеме берген жоқ.

Айта кетсек, бұған дейін хакерлер еліміздің білім беру жүйесіне шабуыл жасап, ұстаздардың жалақы деректері ұрланғаны белгілі болды.