Хакерлер Malaysia Airlines әуе компаниясының сайтын бұзды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылы екі ұшағы әуе апатына ұшыраған Malaysia Airlines авиакомпаниясының сайтын хакерлер бұзды.

Шабуыл жасағаны үшін жауапкершілікті бұдан бұрын Xbox Live пен Sony Playstation Network онлайн-сервистеріне шабуылдаған Lizard Squad тобы мойнына алды.

Малайзиядағы авиакомпания сайтының басты парағына «404 қателігі - Ұшақ табылмады» деген жазбамен қалпақша мен фрак киген кесіртке бейнеленген. Төменде «Lizard Squad бұзған - киберхалифаттың ресми хабарламасы» деп жазылған. Бұл нені меңзейтінін хакерлер түсіндірмеген.

Естеріңізге сала кетейік, 2014 жылы наурызда бортында 239 жолаушы болған Malaysia Airlines компаниясының "Боинг-777" лайнері Үндістан мұхитының үстінен ұшып бара жатқан сәтінде жоғалып кеткен, сондай-ақ осы жылы шілдеде екінші ұшақ Украина шығысындағы қақтығыс аймағында құлап, 298 адам көз жұмған еді.