«Халық қатысатын бюджет»: павлодарлықтардың ұсынған жобалары елеусіз қалған
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Павлодарда 2020 жылдан бері «Халық қатысатын бюджет» жобасы бойынша 322 өтінім мақұлданған. Алайда оның үштен бірі жүзеге аспаған күйі қалып отыр, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Креативті идеялар жоқтың қасы
«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы қазына қаражатын пайдалану бойынша шешімді тұрғындардың өздігінен қабылдауына мүмкіндік беру үшін іске қосылғаны мәлім. Шенеуніктер жұртшылықтан креативті әдіс-амалдар күткен әрі алғашқы жобалардың бірі солай болып та шықты.
2022 жылы Павлодар жағалауында Sabi Box орнатылды. Ана мен бала үшін жабдықталған ғимаратта сәбилерге арналған шағын үстел қойылды. Аналар жағалау маңында серуендеу кезінде мұнда баласының жөргөгін ауыстырып, тамақтандыра алады. Бұл бөлмені павлодарлықтардың өтініші бойынша құрғаны да анық. Қалалық бюджеттен оған 3 млн теңге бөлінді. Шаһарда жұрт талабына орай жасалған ерекше жоба өзге жобаларға бастау болғанын мойындауымыз керек. Шындап келгенде Sabi Box-пен шенеуніктер әлі күнге мақтанады.
– Аталған жоба кішкентай балалары бар отбасылар үшін қалада қолайлы және қолжетімді орта қалыптастырудағы бастамаларға үлгі болғаны сөзсіз. Тұрғындар негізінен балалардың спорт ойын алаңдарын, спорт алаңдарын, футбол алаңдарын салып беруді, аулаларды абаттандыруды, дыбыстағыш бағдаршамдарды орнатуды сұрайды, - дейді қала әкімдігінің өкілдері.
Кейінірек қаланы тұрғындар үшін қолайлы ете түсуге бағытталған жобалар халықтан көптеп түсе бастады, соның ішінде көпқабатты үйлерден абаттандыру бойынша өтініштер жиі тіркелді. Бірақ көбі бірізді, креативті тәсілдер жоқ деуге болады. Мысал үшін биыл мақұлданған жобаларды алып қарайтын болсақ, Назарбаев даңғылы бойындағы үйлерге жарық жүйесін орнату, Максим Горький көшесіндегі үйлер арасына тротуар төсеу, Малайсары батыр көшесіндегі үйлердің сыртында көлік тұрағын жасау және тағысын-тағылар. Бұл өтініштердің барлығын сараптамалық комиссия қарастырып, мақұлдады. Былай қарағанда аталмыш қаражаттар «Халық қатысатын бюджет» жобасынан бөлек мемлекеттік бағдарламалар арқылы аулаларды асфальттауға, тротуарлар төсеуге, жарықтандыруға, балалар және спорт алаңдарын салуға онсыз да бөлініп жатыр. Бұл бағдарламада креативтілік, яғни ұтымды, жаңашыл жобалар жоқ деуіміз де сондықтан.
Өтінішке көміліп қалды
Бағдарлама алғаш іске қосылған 2020 жылы павлодарлықтар өтініш беруде аса белсенділік таныта қоймаған. Соған орай алғашқы екі жылда орташа алғанда 5-6 жоба ғана мақұлданды. Ал 2022 жылы қала әкімдігі тұрғындарды бұл іске белсене қатысуға шақырып, өтінімдерді қабылдаудың үш кезеңін жариялап жіберді. Аяғында жұрттың 300-ге жуық өтініші мақұлданды. Бірақ оның барлығын өміршең етуге қыруар қаражат қажет. Барлығын қаржыландыруға ақша жетпей, салдарынан «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы біртіндеп «сақалды құрылыстың» кебін құша бастағанын көз көрді. 2024 жылдың ортасында мақұлданса да іске аспаған 159 өтініш тұрып қалды. Ресми мәліметтерге сүйенсек, олардың саны қазір 94-ке дейін азайған. Алайда бұл тізімде шынайы өмірде іске асырылуы мүмкін болмай тұрған жобалар баршылық.
– Азаматтардың дауыс беру нәтижесінде іріктелген жобалық ұсыныстардың 94-і ғана өз кезегін күтіп отыр. Олардың жүзеге аспай тұруына түрлі себептер бар: кейбірін техникалық тұрғыдан өміршең ету мүмкін емес, ендібіріне қажетті бос аумақ жоқ. Тағы бірнешеуін «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында іске асыру мүмкін болмаған. Өзге жобалар бюджеттен бөлінетін қаражаттардың шегіне қарай біртіндеп іске асады, - деп хабарлады қалалық әкімдіктен.
Нәтижесінде шенеуніктер 55 жобаны жарамсыз деп таныды. Олардың барлығы халық жаппай ұсыныс тастаған 2022 жылы тіркелген екен. Осылайша, әкімдік өкілдері «артық қыламыз деп, тыртық қылды». Қазіргі күні іске асуы тиістілер тізімінде 30 өтінім ғана қалған.
Қазіргі ахуал қандай
Малайсары батыр көшесіндегі жаңа үйлер Павлодар қаласының шетінде орналасқан. Көпқабатты баспаналардың ар жағы бос кеңістік, зираттар мен өнеркәсіптік кәсіпорындар бар. Ал берірек №41 мектеп орын тепкен. «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша бұл жерде шағын сквер жасалуы керек еді. Бірақ тұрғындар жобаны әлі күнге күтіп жүр. Келешекте аумақта сквер емес, саябақ құрылса да артық болмайтындай.
– Бұл үйде тұрып жатқалы төртінші жылдан асса да тұрғындар игілігіне жасалған игіліктерді көре алар емеспіз. Мысал үшін мұнда автобус келетіндей мүмкіндік жасаса, саябақ салса, қандай тамаша болар еді. Қолайлы орта жоқ. Үй алдында балалардың ойын алаңы бар, бірақ біз сияқты жастар үшін серуендейтін орын ауадай қажет, - дейді Малайсары батыр көшесіндегі №53 үйдің тұрғыны Бақыт Рахымжанова.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, 20/2 мекенжайында орналасқан аулада да бағдарлама бойынша жоба іске асуы керек еді. Аумақтағы жер стандартты емес, қаланың дәл ортасында болуы себепті орналасқан орны ыңғайсыздау, яғни орын аз. Зейнеткерлер өз беттерімен аулаға гүл егіп, көріктендіріп қойған. Мұнда шағын көлік қоятын орын мен ескі баскетбол шеңбері ғана бар. Ал жоба бойынша стритбол алаңы жасалуы тиіс.
– Шенеуніктер біздің аулада ештеңе жасағылары келмейді. Бірнеше мәрте сұрап бардық, нақты жауабын айтпайды. Біз сияқты қариялар өз беттерімен не жасай алсын. Қолымыздан келген азғантай шаруаны ғана тындырып қоямыз, - деп қынжылады аталған мекенжайда орналасқан көпқабатты үйдің тұрғыны Юлия Елесеева.
Бұған ұқсас мысалдар қалада жетіп артылады. Тұрғындар қызықты әрі ұтымды идеялар ұсынбаса да, қарапайым ғана жобалар қабылданып кеткен. Бірақ соның өзінде кейбір өтінімдер әлі күнге өз уақытын күтуде. Адамдар күте-күте кейбір жобадан күдер үзген. Ал шын мәнінде олардың ұсыныстары Павлодар қаласын абаттандырып, көріктендіруге бағытталғаны түсінікті.
Жалпы алғанда бағдарлама іске қосылғалы көпшіліктен 464 өтінім түсіп, оның 322-сі мақұлданған жобалар тізіміне енген. Алайда шенеуніктер өткен жылдардан қордаланып қалған жобаларды аяқтаудың орнына өтінім қабылдаудың жаңа кезеңдерін жариялап, кейбірін мақұлдап жатқаны қызық көрінеді.
– «Халық қатысатын бюджет» жобасына қаражат қалалық бюджеттен бөлінеді. 2025 жылға дауыстардың басым бөлігін иеленген 6 жобалық ұсыныс мақұлданды. Биыл аталған бағдарлама аясында жүзеге асатын іс-шараларға қалалық бюджеттен шамамен 81,9 млн теңге қарастырылып отыр, - деп қосты қалалық әкімдіктен.
Атап өтерлігі, шенеуніктер барлық кезеңнен өткен өтінімдер бір жылдан соң өміршең етіледі деп уәде еткен. Яғни мақұлданған ұсыныстар бюджетке енгізіліп, тиісті қаражат бөлінуі керек. Ал іс жүзінде мұндай нақтыланған жоспарды көре алмай отырмыз.
Еске сала кетейік, Павлодардағы субұрқақтардың көбі жөндеу жұмысын қажет етеді.
Сондай-ақ Павлодар әуежайын жаңартуға облыс бюджетінен қосымша 673 млн теңге бөлінгені туралы жазғанбыз.