Халық Кеңесі қандай мәселелерді шешеді

АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстан Халық Кеңесінің ең жас мүшесі Жандос Ақтаевтың айтуынша, елдегі өзекті мәселелерді шешуге кешенді тәсіл қажет. Бұл туралы ол Jibek Joly телеарнасының «Бүгін Live» бағдарламасында айтты.

Фото: Ақорда

— Жақында Кеңестің Өңірлік даму және жергілікті өзін-өзі басқару комитетінің алғашқы отырысы өтті. Отырыста Кеңес мүшелері бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін салалық комиссияларға бөлінді. Атап айтқанда, өңірлік даму мен кәсіпкерлікті қолдау, экология және әлеуметтік жауапкершілік мәселелері назарға алынды.

Комитет отырысында алдағы жұмыстың негізгі бағыттары да айқындалып, салалық комиссиялардың ережелері бекітілді. Енді Кеңес мүшелері нақты салалар бойынша жұмыс істеп, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеруге және оларды шешуге бағытталған ұсыныстар әзірлемек. Бұл ретте қоғамдық кеңестермен өзара іс-қимылды күшейту де маңызды міндеттердің бірі болмақ, — деді Жандос Ақтаев.

Кеңестің жұмыс бағыттары кең болғанымен, олардың барлығы азаматтардың күнделікті өміріне әсер ететін мәселелермен тікелей байланысты. Осы ретте спикер жастардың баспаналы болуы мен цифрлық алаяқтыққа қарсы күресті алдағы жұмыста назар аударуды қажет ететін мәселелердің бірі ретінде атады.

Видеодан алынған кадр

— Жастардың баспаналы болуы үшін мемлекет түрлі механизмдерді ұсынып жатыр. Бірақ олардың өзі мәселені толық шешпей жатыр. Алдағы уақытта осыны нысанаға алу керек. Екінші мәселе — цифрлық алаяқтық. Өткен жылы кибералаяқтар қазақстандықтарға 29 млрд 6 млн теңге шығын келтірді. Сондықтан цифрлық қауіпсіздікті күшейту керек, киберсауаттылықты арттыру маңызды, — деді ол.

Бұған дейін Қазақстан Халық Кеңесінің құрамы мен тұрақты комитеттерінің төрағалары бекітілген болатын.