Халық кеңесі шынайы ықпал етуші қоғамдық-саяси институт болады – Жанарбек Әшімжан

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Құрылтай мен Халық кеңесін конституциялық деңгейде бекіту – жауапты, ашық әрі инклюзивті мемлекетті қалыптастыру жолындағы стратегиялық шешім. Бұл пікірді Мәжіліс депутаты, Конституциялық реформалар жөніндегі комиссияның мүшесі Жанарбек Әшімжан айтты. 

Депутат билік пен қоғам арасындағы өзара сенімге негізделген жаңа қоғамдық келісімді қалыптастыру, мемлекеттік басқарудың мазмұны мен архитектурасын түбегейлі жаңарту мәселесі тұрғанын атап өтті.

– Біз Сенатта бұрын қолданылған президенттік квоталар мен тағайындаулардан бас тарту арқылы өкілді биліктің дербестігін күшейтуге, саяси жүйені шынайы демократияландыруға бағыт алдық. ​Бұл қадам билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайтып, институционалдық дамудың жаңа кезеңін қалыптастырады. ​Осы логиканың заңды жалғасы ретінде Құрылтайдың өкілеттіктерін кеңейту мәселесі күн тәртібіне шықты. ​Құрылтайға Конституциялық сотты, Жоғары аудиторлық палатаны, Орталық сайлау комиссиясын қалыптастыруға қатысу құқығын беру – аталған институттардың тәуелсіздігін арттырып қана қоймай, олардың халық алдындағы жауапкершілігін күшейтеді, - деді Ж. Әшімжан агенттікке берген сұхбатында.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда Халық кеңесін құру туралы бастама көтеріп, оның мемлекеттің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатынын айтқан еді. ​

Халық кеңесі – қоғам мен мемлекет арасындағы тұрақты әрі институционалдық диалогты қамтамасыз ететін жоғары консультативтік орган. ​Оның басты құндылығы – азаматтардың, түрлі әлеуметтік топтар мен этностардың пікірлері мен ұстанымдарын жүйелі түрде ескеруге мүмкіндік беруінде.

– Халық кеңесі мемлекеттің ішкі саясатының негізгі бағыттары бойынша ұсынымдар әзірлейді, қоғамдық келісімді, жалпыұлттық бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған бастамалар көтереді. Еліміздің іргелі қағидаттары мен жалпыұлттық құндылықтарын ілгерілетеді. Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, республикалық референдум туралы бастама көтереді. ​Бұл өкілеттіктер Халық кеңесін формалды орган емес, шынайы ықпал етуші қоғамдық-саяси институт деңгейіне көтереді, - деді Мәжіліс депутаты. 

Сонымен бірге, Комиссия мүшесі ​Халық ееңесінің құрамын ротация қағидаты арқылы қалыптастыру демократиялық принциптердің барынша кең көлемде жүзеге асыратынын айтып отыр. ​Бұл биліктің тұйықталуына жол бермей, жаңа идеялар мен бастамалардың тұрақты түрде іске асуына мүмкіндік береді.

– Біз бұл процесті Конституцияға жекелеген түзетулер енгізу ретінде емес, жаңа Конституцияны қалыптастыру ретінде қарастыруымыз қажет. ​Осы арқылы мазмұны мен рухы жағынан жаңарған, халықтың еркі мен заманауи талаптарға негізделген жаңа қоғамдық келісім қалыптасады.​Қорыта айтқанда, Құрылтай мен Халық кеңесін конституциялық деңгейде бекіту – жауапты, ашық әрі инклюзивті мемлекетті қалыптастыру жолындағы стратегиялық шешім. ​Мұны Қазақстанның демократиялық дамуының жаңа кезеңі деп бағалауға болады, - деді Жанарбек Әшімжан.

Айта кетейік, осы аптада Президентке Конституцияның қорытынды мәтіні ұсынылуы мүмкін.