- Халық Кеңесі жаңадан құрылып жатыр. Бұл ретте, Халық Кеңесі бізге жаңадан бюджеттік бағдарлама әкімшісі ретінде келді, сәйкесінше біз бюджет өтінімдерін қарадық. Қарастырылған 1,7 млрд теңгені Халық Кеңесінде жұмыс істейтін адамдардың санына бөлген дұрыс емес, өйткені бұл жерде қаражат тек қана жалақыға қарастырылмаған. Кеңес мүшелері халықпен көп кездеседі. Бұл ретте тиісті кездесулер мен форумдарды, сессиясын өткізеді, сондай-ақ іссапар шығыстары бар. Мұнымен қоса оларда қоғамдық тыңдау өткізу ескерілген, - деді А. Бейсенбекұлы Құрылтайда тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, Халық Кеңесі жұмысындағы ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу үшін де тиісті шығыстар қарастырылған.
- Сондықтан бұл жерде тек қана жалақыдан бөлек басқа да шығыстар қамтылған. Атап айтқанда, Халық Кеңесінің хатшылығы мүшелеріне бірыңғай еңбекақы төлеу жүйесі бар, - деді вице-министр.
Айта кетейік, Халық Кеңесін құруға бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлінеді.
Бұған дейін депутат Ерлан Сайыр Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері қоғамдық негізде жұмыс істейтінін айтқан еді.
Сонымен қатар ол кеңестің қызметін ұйымдастыру бағытында жұмыс істейтін тиісті Хатшылық құрылатынын және ол мемлекеттік орган ретінде қызмет ететінін еске салды. Бұл тұрғыда хатшылық қызметкерлерінің жалақысы бюджеттен қаржыландырылады.