Халық кеңесінің құрылуымен саяси жүйені жаңғыртудың ауқымды циклі аяқталды — Бану Сегізбаева

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекет басшысы Қазақстан Халық кеңесінің отырысында бұл құрылымды «баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт» деп атады. Бұндай пікірді Қазақстан қоғамдық даму институтының эксперт-консультанты Бану Сегізбаева білдірді.

Фото: Қазақстан қоғамдық даму институты

— Кеңестің жұмысқа кірісуімен саяси жүйені жаңғыртудың ауқымды циклі аяқталды. 2019 жылы жарияланған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жеті жыл ішінде мемлекеттің бүкіл құрылымын қамтыған реформаға ұласты. Президент бүгін бұл тұғырнаманың ашық диалог арқылы жүзеге асатынын атап өтті. Халық кеңесі осы диалогтың тұрақты институты болмақ, — деді Бану Сегізбаева.

Сарапшының сөзінше, реформаның шешуші сәті 2026 жылғы 15 наурыздағы референдум болды.

— 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституция екі палаталы жүйеге нүкте қойып, пропорционалды жүйемен бес жылға сайланатын 145 депутаттық бір палаталы Құрылтайды енгізді. Бұл заң қабылдау жолын қысқартып, әр шешім үшін саяси жауапкершілікті нақты партияларға жүктеді, — деп түсіндірді ол.

Сонымен қатар маман Құрылтайдың келісімімен тағайындалатын Вице-президент институты билік сабақтастығын құқықтық тұрғыдан бекіткенін атап өтті.

— Қауіпсіздік кеңесінің аппараты Президентке тікелей бағынатын дербес органға айналып, ақпарат, технология, азық-түлік, су және энергетика қауіпсіздігін басымдыққа алды. Бұл тәсіл қауіпсіздікті халықтың күнделікті өміріне әсер ететін салалар арқылы қарастырады, — деді сарапшы.

Оның сөзінше, Халық кеңесінің 126 мүшесі этномәдени бірлестіктер, қоғамдық ұйымдар, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арасында тең бөлінген.

— Халық кеңесі Құрылтайға заң жобаларын енгізіп, референдум өткізу туралы бастама көтере алады. Президенттің бүгін қойған талабы осы өкілеттікпен тікелей байланысты. Мәселені көтергенде оның шешімін де қатар ұсыну талабы бұл құрылымның ұсыныстарын Құрылтайға жететін дайын заң бастамаларына айналдыруға бағытталған. Мемлекет басшысы сынның шынайы болуын басты шарт етіп, оның мүшелерінен жоғары саяси мәдениеттің үлгісін күтетінін айтты, — деп атап өтті ол.

Эксперт Президенттің жаңғыру жұмысы тоқтамайтынын нақты қадаммен көрсеткенін де жеткізді.

— Мәслихат депутаттарының көпшілігі «Amanat» партиясынан сайланған, бұл партия «Әділет» партиясына қосылып, қызметін тоқтатты. Сондықтан Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен кеңесіп, тиісті жарлыққа қол қоятынын мәлімдеді. Бұл қадам жаңа саяси архитектураның логикасын Құрылтайдан бастап жергілікті өкілді органдарға дейін жеткізеді, — деді ол.

Бану Сегізбаева алдағы кезеңде реформаның бағасы институттардың нақты нәтижесімен өлшелетінін атап өтіп, Президент атап өткендей, бұл жұмыста ұлт мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс екенін сөзінің соңында тілге тиек етті.

Бұған дейін Президент Халық кеңесі мүшелеріне мәселені көтере отырып, шешімін де ұсыну қажет екенін айтқан еді.