Халық мені әлеуметтік желіден жиірек көреді деген пікірмен келіспеймін - Асайын Байханов
ПАВЛОДАР. KAZINFORM — Ертіс-Баян өңірінің басшысы Асайын Байханов — әлеуметтік желіде белсенді әкімдердің қатарында. Instagram-дағы оқырман саны бойынша әріптестері арасында көш бастап тұр. Әкіммен әңгіме облыстың әлеуметтік-экономикалық өміріне қатысты өрілді.
— Асайын Қуандықұлы, халық сізді шынайы өмірден гөрі әлеуметтік желіде жиі көреді десе болады. Бұл әкім ретінде уақыт үнемдеудің амалы ма?
— Егер менің әлеуметтік желідегі парақшаларыма көз жүгіртсеңіз, жарияланымдардың 90 пайызынан тұрғындардың ортасында жүргенімді аңғаруыңызға болады. Күніне орта есеппен облыстың қала-аудан тұрғындарынан 300-ге дейін хабарлама аламын. Олар бірден жұмысқа алынып, кейінірек бұл мәселелер шешіледі.
Әр апта сайын жеке қабылдаулар өткізіп, кемі 10-12 адамды қабылдаймын. Ал әлеуметтік желілердегі өз парақшаларым арқылы жылына мыңдаған адамның өтінішін қарастырамын.
Қалаларды айтпағанда, жылына кем дегенде 4-5 рет аудан-ауылдарда жұмыс сапарымен болып, жұртшылықпен кездесемін. Мұндай сапарларға журналистер қауымы шақырылады.
Сондықтан халық мені шынайы өмірден гөрі әлеуметтік желіде жиі көреді деген сөзіңізбен келіспеймін. Мен өзімді мүмкіндігінше ашықпын деп санаймын.
— Сіз мұның алдында облыс әкімінің орынбасары, Павлодар қаласының әкімі лауазымдарында жүргеніңізде жұртшылық шыбын-шіркейге «соғыс жариялағаныңызды» көрді. Әлі күнге оған үлкен мәселе ретінде қарайтыныңыз байқалады…
— Ертіс өзенінің облыс аумағындағы ұзындығы 720 шақырымнан асады. Республика бойынша бізде жайылма алқабының ең үлкен аумағы бар, тиісінше шыбын-шіркей де көп. Егер оның санын азайту үшін қажетті шараларды уақтылы қабылдамасақ, бұл тұрғындарымыздың жайлы өміріне кері әсер ететіні түсінікті ғой. Бірақ шыбын-шіркейді толығымен жою мүмкін емес, біздің міндетіміз — жәндіктердің санын бақылау, тым көбейіп кетуіне жол бермеу. Біз бұл жұмысты жыл сайын ерте көктемнен бастаймыз. Ғалымдарды тартып, іс-қимыл алгоритмдерін жасаймыз, әуе, өзен арқылы, тосқауыл сияқты өңдеудің әртүрлі формаларын қолданамыз.
Есіңізде болар, 2017-2021 жылдар аралығында өңірімізде шыбын-шіркей қаптап кетті. Ал 2016 жылы аймағымыз тіпті «Табиғи сипаттағы төтенше жағдай» жариялауға мәжбүр болған. Өңдеу жұмыстарының көлемін кем дегенде 80-85% деңгейіне жеткізуге тиіспіз. Сондықтан бұл тұрғындарымыздың игілігі үшін жыл сайын атқарып жатқан жұмысымыздың бірі деп білемін.
— Кейбір мамандардың пікірінше, жыл сайын көктемде Ертіс өзеніне Шығыс өңірлерден ағызылатын су тым ерте босатылады екен. Бұған сіздің көзқарасыңыз қалай?
— Жыл сайын Ертіс өзенінің жайылмасына су босатуға рұқсат беру бекітілген кестеге сәйкес жүзеге асырылады. Ал су босату кестесі Су ресурстары және ирригация министрлігімен бекітіледі. Биыл өңірде су босату шаралары 9 сәуірден 5 мамырға дейін жалғасты. Жоспарланған мәні 5,8 текше километр болатын, бірақ 6,3 текше километр, яғни жоспарланған көлемнен 0,5 текше километрге артық су жіберілді.
Су босату шаралары Ертіс өзенінің жайылмасындағы флора мен фаунаның биологиялық өнімділігін, тіршілік ету ортасын сақтауға бағытталған. Бұл жағалау маңында орналасқан ауылдардағы төрт түліктің азығын қамтамасыз етуге және балықтардың уылдырық шашуына қолайлы жағдай жасайды.
— Су демекші, Успен каналының игілігін фермерлер қашан көреді?
— Аталған құрылыстың тапсырыс берушісі — «Қазсушар» РМК. Жоба республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылып отыр. Бүгінде электрмен жабдықтау мәселесі пысықталып жатыр.
Жалпы Павлодар облысында суармалы жерлердің көлемі 179,6 мың гектарды құрайды. 2020 жылдан бастап облыста суарудың жалпы ауданы 77,4 мың гектарға ұлғайды. Оның ішінде суармалы учаскелерге инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жеткізу бойынша 34 жобаны іске асырғаннан кейін суаруға қосымша 21,8 мың гектар жер енгізілді.
— Ауызсу жүйесі, коммуналдық желілердің тозуы бойынша облыста өзекті мәселелер жетерлік. Олар қалай шешіледі?
— Облыста жыл сайын жазғы кезеңде сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуын азайту мақсатында жөндеу жұмыстары үзбей жүргізілуде. Биыл 26,6 шақырым сумен жабдықтау желілерін салу және қайта құру бойынша 10 жоба өміршең етілуде. Сондай-ақ Успен ауданының Травянка, Надаровка ауылдарында 2 кешенді блок модуль орнату жоспарланған. Жалпы 2025 жылдың қорытындысы бойынша жоғарыда аталған іс-шаралар сумен жабдықтау желілерінің тозуын 46,6%-ға (қазір 47,1%-дан) және су бұруды 72,3%-ға (72,4%-дан) дейін төмендетуге мүмкіндік береді.
Атап өтерлігі, былтыр ақпан айында Майқайың кентінің су құбырында апат болып, елді мекенге су беру қиындаған. Ұзындығы 20 шақырым, диаметрі 1000 мм магистральдық су құбырын қайта жаңарту жүргізілді. Қазір барлық құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды және су құбыры штаттық режимде жұмыс істеп тұр.
— Майқайың демекші, сіз өткен жылдың қорытындысында Шанхай ауданының мәселесін шешуге қатысты ұсыныстар айтқан едіңіз. Әзірше бұл бағытта сең қозғалмай тұрғандай көрінеді…
— Биылғы ақпан айында мәселені шешу жақында басшылыққа келген «Алтыналмас АК» АҚ-ның өкілдерімен кездесу өтті. Кездесу барысында тұрғындар өз сұрақтары мен пікірлерін аталған компанияның басшылығына жеткізді. Жоспар бойынша бұл мәселе осы жаздың соңына дейін шешімін табады. Мәселе менің жеке бақылауымда.
— Жыл басынан Қытай мемлекетімен инвестициялық байланысқа мән беріп, Аспанасты еліне арнайы сапармен барып та келдіңіз. Олардың нәтижесі қандай болмақ?
— Наурыз айында Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барып, жергілікті әлеуетті инвесторлармен және кәсіпорындардың өкілдерімен кездестім. Қазір алюминий өнімдерінің ірі өндірушісі «СИНЬФА» (Shandong Xinfa Aluminum Company Limited) компаниясын тарту мәселесі пысықталуда. Компания «Қытайдың Топ-100 жеке компаниясы» рейтингінде 18-орында тұр, олар 10 мыңға жуық жұмыс орнын құра отырып, тиімділігі жоғары өнеркәсіптік алаң құрылысына 15 млрд долларға жуық инвестиция салуды жоспарлап отыр (7,5 трлн теңге). Негізгі жобаларға мыналар жатады: тау-кен нысандарының құрылысы (көмір, боксит, мыс, флюорит, тұз және әктас кен орындары), энергетика саласындағы жобалар, алюминий және фторхимиялық өнімдер, көміртегі, құрылыс материалдарының өндірісі.
— Павлодар өңірі көмір өнеркәсібімен танымал. Алайда көмір өндірісінде сыртқы нарықтар тарылып келе жатқандай. Бұл тығырықтан қалай шығуға болады?
— Біріншіден, Павлодар облысының энергетика саласына ауқымды қаражат тартылып жатыр. Электр стансаларын генерациялауды дамыту және инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту бойынша төрт ірі жоба бойынша жұмыс жүргізілуде.
Екіншіден, Екібастұз МАЭС-2-де екі энергоблок салу (№ 3 және № 4), «ЕЭК» АҚ-да № 7 энергоблокты реконструкциялау, жел электр станциясын салу, таза көмір технологиялары базасында Екібастұз МАЭС-3 құрылыс жобалары — қосымша көмір тұтыну қуатын 5 млн тоннаға көтеретін болады.
Үшінші бағыт — көмірді пайдаланудың балама нұсқасын, яғни көмір химиясы саласын дамыту. Бұл бағытта бірнеше инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Көмірден келешекте мұнай өнімдерін, дизель отыны, графит, кремний және поликремний өнімдерін алу көзделіп отыр.
— Металлургия саласында соңғы жылдары жаңа кәсіпорындар салынып жатыр. Олар облыстың экономикасына қандай пайда әкеледі?
— Өңірде бірқатар ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Мәселен Павлодар қаласында «Solidcore Resources plc» халықаралық компаниясы 15 тонна алтын ала отырып, құрамында 300 мың тонна алтыны бар концентратты қайта өңдейтін жаңа зауыт салуды бастады.
Екібастұз қаласында жуық арада «Mineral Product International», «Ekibastuz Ferro Alloys», «Kazferro Limited» ферроқорытпа зауыттары іске қосылады. Аталған зауыттардың пайда болуы Қазақстанды ферроқорытпа өндірісі бойынша Қытайдан кейін әлемде екінші орынға шығарады.
Дайын металл бұйымдарын өндіру бойынша Ертіс гидрометаллургия комбинаты жобасының да әлеуеті зор болады деп күтілуде.
Жобалардың жалпы құны 826 млрд теңге, жалпы қуаты 760 мың тоннаны құрайды. Кәсіпорындар 2 496 жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Нәтижесінде аталған жобалар аймақ экономикасының дамуын 40%-ға арттырады. Болашақта зауыттар республикалық және жергілікті бюджеттерге жыл сайын 300 млрд теңгеден астам салық төлейтін болады.
— Облыстағы үш қаланың сәулеті көз тартпайды. Соңғы жылдары қызыл кірпіштен біркелкі етіп салынған көпқабатты баспаналар көшелердің көркін бұзып барады. Неге бізде Астанадағыдай тұрғын үй кешендерін салмасқа?
— Жалпы қалаларда көпқабатты үйлердің қасбеттерін әрлеу, бояу және ретке келтіру жұмыстары соңғы 3 жыл бойы жүргізіліп келеді. Биыл да қалаларда көп қабатты үйлердің сырты жаңартылады. Бұл тізімде орталық көшелердің бойында орналасқан 70-ке жуық үй бар. Осы уақыт аралығында тек Павлодар қаласында 48 ғимарат ашық түске боялды. Биыл бейтарап реңктерге басымдық берілмек.
Астанадағыдай салынып жатқан монолиттік әрі жаңа үй кешендері жеке кәсіпкерлердің қаражатына тұрғызылған. Облыс орталығының Катаев-Шевченко көшелерінің қиылысында жаңадан бой көтерген «Ertis» үй кешенін мысалға келтіруге болады.
Әлі де жобалар баршылық. Құрылыс — өте ауқымды мәселе. Сондықтан ол кезең-кезеңімен жүзеге асады.
— Өңірдегі мектеп жетіспеушілігін, үш ауысымды мектептерді жою туралы айтқандарыңыз бар еді. Бұл бағытта не тындырылып жатыр?
— Негізі Павлодар қаласында үш ауысымды 3 мектеп жұмыс істейді. Бұл Усолка шағын ауданындағы № 42 мен 25 және Саяжай аумағында орналасқан № 26 мектептер. Оқушы орындарының тапшылығын шешу үшін қазіргі уақытта облыста «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2 мектептің құрылысы аяқталды. Атап айтқанда «Достық» шағын ауданындағы 1200 орындық жаңа мектепте және 600 орындық № 47 орта мектеп.
Келер жылы «Усолка» шағын ауданында 1200 орындық мектеп салу жоспарлануда. Осылайша облыс орталығында оқушы орындарының тапшылығы мәселесі шешіледі
— Тағы бір мәселе, тарихи тұлғалардың Отаны — Баянауыл жерінде осы уақытқа дейін өлкетану бағытындағы дені дұрыс музей де жоқ. Жалпы Баянауыл ауданында туристер үшін қызықты дүниелер жасау жоспарда бар ма?
— Баянауыл ауылында өлкетану музейі орналасатын «Сапар-орталықтың» құрылысы жүріп жатыр. Бұл орталықта заманауи технология арқылы Ертіс-Баян өңірінің тарихи тұлғалары туралы қажетті ақпарат ұсынылатын болады. Орталықтың құрылысын келер жылдың шілде айында аяқтау жоспарланған.
— Жергілікті халықтың барометрі — ақын-жазушылар. Ал шығармашылық ортаның мұңы көп. Олармен жиі кездесіп тұрасыз ба?
— Облысымызда ел үшін ерен еңбек етіп халық ықылас-ілтипатына бөленген азаматтар аз емес. Былтыр 20-дан астам тек кітаптың тұсаукесеріне қатыстым. Әрине, өңіріміздің зиялы әрі шығармашыл қауымымен түрлі мәдени іс-шараларда әрі жеке кездесіп, облыстағы мәселелерді бірлесіп талқылап, ой-пікірлерін тыңдап жиі кездесуге тырысамын.
Естеріңізге салайық, Kazinform бұған дейін Ақтөбе, Абай, Солтүстік Қазақстан және Қызылорда облысы әкімдерімен әңгіме-дүкен құрған еді.