Оның сөзінше, амбулаториялық жағдайларда бейінді мамандардың консультацияларын және диагностикалық зерттеулерді күту мерзімдері тым ұзақ.
– 2026 жылы № ҚР ДСМ-37 бұйрыққа енгізілген өзгерістерде бірқатар жағымды жаңалықтар бар. Бейінді маман пациентті тексерулерге және әріптестеріне жіберуге құқылы, қабылдау кестелері 60 күнге жарияланады, қызмет көрсетуге уақыт нормативтері белгіленді. Сонымен қатар бейінді мамандардың қолжетімділігі азаматтар өтініштерінің негізгі себебі болып қала береді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында 2 925 шағым түсті. Олардың көбі Маңғыстау, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Ақмола облыстарынан және Астана қаласынан тіркелді, – деді депутат.
Оның айтуынша, дәрігерге жазылудың бірыңғай шекті мерзімі нормативтік тұрғыда бекітілмеген. Салдарынан ауырып тұрған адам дәрігерге бір айдан кейін де қарала алуы мүмкін. Сонымен қатар маман жетіспеуі науқастардың дер кезінде медициналық көмекті ала алмауына себеп болады. Одан бөлек, мынадай түйткілдер бар:
• «Үштен аспайтын» жолдама шектеуі қосарланған патологиясы бар пациенттердің қажеттіліктерін ескермейді;
• маманның пациентті қайта қабылдауға жазу құқығы «ауыру жалғасуда» деген нәтижеге байланыстырылған. Бұл нәтижені формальды түрде қою қаупін туғызады;
• диспансерлік есепте тұрғандар үшін бейінді дәрігерге тікелей жазылу тек мобильді қосымшалар арқылы қолжетімді. Бұл егде жастағы және ауыл тұрғындарының қабылдауға жазылуын қиындық туғызады;
• өңірлер бөлінісіндегі нақты күту мерзімдері жарияланбайтыны анықталды.
Аталған мәселелерді санамалай келе, депутат ұсыныстарын де жеткізді:
• қағидаларда жоспарлы көмекті күтудің бірыңғай шекті мерзімін, онкологиялық ауруға күдік болған кезде және балалар үшін қысқартылған мерзімдерді бекіту;
• қосымша орындаушыға қайта бағыттаумен мерзімдерді автоматты бақылауды, жария мониторингті енгізу және штаттық нормативтер мен тарифтерді қайта есептеу;
• жолдамалар көлемін клиникалық хаттамамен айқындау және қайта жазылудың емдеу нәтижесіне байланыстырылуын алып тастау;
• бейінді дәрігерге тікелей жазылуды тіркеу орнына, колл-орталыққа тарату.
Сөзінің қорытындысында ол жауапты заңнамада белгіленген мерзімде жазбаша беруді сұрады.
Айта кетейік, бұған дейін елімізде медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін электронды кезек енгізіліп жатқанын жазғанбыз.