Халық жаңа Конституцияны қолдамаса, отставкаға кетемін — Пашинян

ЕРЕВАН. KAZINFORM — Армения премьер-министрі Никол Пашинян парламенттік оппозицияға жаңа Конституция бойынша референдум өткізуді ұсынды. Ол мұны БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен баспасөз маслихатында мәлім етті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Еревандағы меншікті тілшісі.

Фото: primeminister.am

— Мен оппозицияға референдум өткізу бойынша ұсыныс жасап отырмын. Егер халық жаңа Конституцияны қабылдамаса, мен отставкаға кетемін. Ал егер ел азаматтары оған қолдау көрсетсе, онда келесі сайлауда премьер-министр лауазымына кандидатурамды ұсынбаймын, — деді Никол Пашинян.

Премьер-министр атап өткендей, ол бұл ұсынысты бір күн бұрын парламентте ішінара жариялаған, ал бүгін ашық түрде мәлімдеуді жөн санады. Никол Пашинян жаңа Конституцияның жобасы келесі аптада қоғамдық талқылауға шығарылатынын айтты.

— Конституция жобасына өзгерістер енгізілуі керек. Алайда ол «Шынайы Армения» идеологиясының шеңберінен шықпауға тиіс, — деп қорытындылады премьер-министр.

Еске салайық, таяуда Никол Пашинян жаңа Конституцияны қолдамайтын оппозицияға қоғам тарапынан қысым жасалуы мүмкін екенін айтып еді.

Мұнымен бірге ол жаңа Конституцияны қабылдау барысында оппозициямен өзара түсіністік табылмаса, кезектен тыс парламент сайлауын өткізу мүмкіндігін қарастыратынын айтқан болатын.